Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ Иранмен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон Иранмен келіссөз жүргізуге әлі де ашық, алайда Тегеранның дипломатиялық жолмен реттеуге шынайы ниет танытып отырғанына күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Марко Рубио
Фото: x.com/SecRubio

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Манилада өткен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) сыртқы істер министрлерінің кездесуінде сөйлеген сөзінде АҚШ-тың Иранмен сындарлы диалогқа әлі де дайын екенін айтты.

— Америка Құрама Штаттары әрдайым дипломатиялық жолды қолдайды. Қазіргі мәселе — олардың келіссөздерге байыппен қарамай отырғанында. Егер олар шындап келіссөз жүргізуге дайын болса, біз де дайынбыз. Ал егер олай болмаса, өз мүдделеріміз бен одақтастарымыздың мүдделерін қорғау үшін қажетті барлық шараны қабылдаймыз, — деді ол.

Рубионың айтуынша, Вашингтон тараптар өз мойнына алған міндеттемелерді сақтаған жағдайда келіссөз жүргізуге әзір. Ол келісімдердің орындалмауы тиісті салдарға әкелуі тиіс екенін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын бақылауына қарсы екенін білдірді.

— Егер қандай да бір мемлекет халықаралық су жолын бақылап, одан өту үшін ақы алып, төлемеген кемелерге шабуыл жасауына жол берілсе, бұл өте қауіпті прецедентке айналады. Мұндай жағдай кейін әлемнің басқа өңірлерінде де қайталануы мүмкін, — деді Рубио.

Оның айтуынша, АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтастары Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін қандай да бір төлем енгізуді қолдамайды. Вашингтон өңір елдерінің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен әл-ауқатына нұқсан келтіруі мүмкін шешімдер қабылдамайды.

Рубио Иран қолдайтын қарулы топтар мәселесі де ықтимал келіссөздердің күн тәртібінде болуы тиіс екенін айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының бұл мәлімдемесі Йемендегі «Ансар Алла» қозғалысы Сауд Арабиясының танкерлеріне Қызыл теңізде шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткеннен бірнеше күн өткен соң жасалды.

Бұған дейін Иран АҚШ-пен шиеленісті бәсеңдетуге қатысты делдалдардан ұсыныстар алғанын мәлімдеген болатын.

Иран АҚШ-тың Бахрейн мен Кувейттегі әскери нысандары жойылғанын жариялады.

Сондай-ақ Иранның осы айдағы әуе шабуылдарынан америкалық қанша сарбаз жарақат алғаны айтылды.