АҚШ Қаржы министрлігі: Венесуэлаға қарсы енгізілген санкциялар жұмсартылады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтонның Венесуэлаға қатысты енгізген бірқатар санкциялары алдағы аптада жеңілдетілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл қадам мұнай сатуды жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды DW.

Делегация Госдепа США прибыла в Венесуэлу
Фото: Report.az

Reuters агенттігінің хабарлауынша, министр келесі аптада Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк басшылығымен кездесіп, Венесуэламен ынтымақтастықты қайта жандандыру мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.

Скотт Бессентің айтуынша, қазіргі уақытта ХВҚ шоттарында арнайы қарыз алу құқықтары (SDR) түрінде бұғатталған Венесуэланың шамамен 5 млрд доллар (4,3 млрд еуро) көлеміндегі қаржылық активтері ел экономикасын қалпына келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін. Оның сөзінше, АҚШ Қаржы министрлігі бұл қаражатты Венесуэланы қайта қалпына келтіру мақсатында долларға айырбастауға дайын.

– Біз сатылатын мұнайға қатысты санкцияларды алып тастап жатырмыз, – деді АҚШ Қаржы министрі.

Сонымен қатар АҚШ Қаржы министрлігі негізінен танкерлерде сақталып тұрған мұнай саудасынан түскен кірісті Венесуэлаға аударуды жеңілдететін тетіктерді қарастырып жатыр. Бессент сондай-ақ шағын жеке компаниялар Венесуэланың мұнай секторына қысқа мерзімде қайта оралуы мүмкін деген пікір білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла алдағы уақытта тек америкалық тауарларды сатып алатынын мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар