АҚШ қауіпсіздікке байланысты қызметкерлеріне Малиден кетуге бұйрық берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік департаменті қауіпсіздік қатерінің артуына байланысты төтенше жағдайларға қатысы жоқ барлық қызметкерлері мен олардың отбасыларына Мали аумағынан дереу кетуге бұйрық берді, деп хабарлайды AnewZ.

АҚШ қауіпсіздікке байланысты қызметкерлеріне Малиден кетуге бұйрық берді
Фото: AnewZ

Бұл шешім «Әл-Қаидамен» байланысы бар «Джамаат Нусрат әл-Ислам валь-Муслимин» тобы Малиге отын жеткізуді тоқтатып, елге тосқауыл енгізгеннен кейін қабылданды. Ұйым қыркүйек айынан бері Бамакоға бағытталған және шекарадан өтпек болған жанармай таситын көліктерге шабуыл жасап келеді.

Блокада салдарынан елде жанармай тапшылығы туындап, үкімет мектептер мен университеттерді екі аптаға жапты. Сарапшылар мұны 2021 жылғы әскери төңкерістен кейін билікке келген Мали үкіметіне қысым көрсету әрекеті деп бағалайды.

Мемлекеттік департаменттің эвакуация туралы соңғы шешімі Вашингтонның Сахель аймағындағы тұрақсыздық пен экстремистік топтардың ықпалына алаңдаушылығының артқанын көрсетеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары қауіпсіздік үшін әскери базаларға көшіп жатқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар