АҚШ-Қазақстан әуе рейсі: Air Astana Лондонға бір қонып қатынайтын маршрутты пысықтап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ-Қазақстан тікелей әуе рейсі әуелі Лондон арқылы ұйымдастырылатынын мәлім етті.
— Ондай міндет мойнымызда бар. Бұл рейс Солтүстік полюс арқылы өтеді. Басқаша айтсақ, Ресей Федерациясының аумағы арқылы ұшып өтуіміз керек. Оны еңсеру үшін Dreamliner типіндегі ұшақ керек. Сонда бірінші мәселе ондай ұшақтың жоқтығында болып отыр. Ондай ұшақ сатып алу мерзімі шегеріліп келе жатыр. Қазір Airbus пен Boeing-тің тапсырыс портфелі 14 жылға жүктелген. Тіпті кезек кері жылжып барады. 2026 жылы біз алу керек болған ұшақтар 2027 жылға қалып отыр, — деді ол.
Министр аталған алып ұшақ қолға тигенше АҚШ-қа тікелей ұшу мүмкін еместігін атап өтті.
— Қазір Air Astana АҚШ-қа Лондон арқылы қатынауды ұсынып отыр. Лондонға бір қонып, сол билетпен сапарды әрі қарай жалғастырады. Dreamliner типіндегі ұшақ қолға тигенше осылай амалдау жоспарланып отыр. Қазір осындай маршрут пысықталып жатыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен америкалық Wabtec компаниясы арасындағы 4,2 млрд долларлық келісімшарт туралы пікір білдірді.