АҚШ кейбір өтініш берушілер үшін 250 мың долларға дейін визалық депозиттер енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ жаңа визалық кепіл бағдарламасын енгізіп жатыр, оған сәйкес иммиграциялық визаға кейбір өтініш берушілер 100 мыңнан 250 мың долларға дейінгі көлемде депозит салуы тиіс, деп хабарлайды Bloomberg Law.
Пилоттық жоба бастапқыда Доминикан Республикасынан келген өтініш берушілерге қатысты қолданылады. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, консулдық қызметкерлер «қоғам үшін масыл» деп саналған жеке тұлғалардан кепілдік талап ете алады. Кепілдік сомасы әрбір жағдайға жеке анықталады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготттың мәлімдеуінше, «Құрама Штаттарына иммиграция – бұл құқық емес, артықшылық». Ол бағдарлама әлеуметтік қауіпсіздік желісін қорғауға бағытталғанын және өтініш берушілердің қоғамдық көмекке тәуелділігін бағалау ережелерін қатаңдататын Ішкі қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқанын қосты.
Жаңа бағдарлама Трамп әкімшілігі енгізген басқа шектеулерді толықтырып отыр. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған дейін «В» категориялы туристік және іскерлік визаларға өтініш берген кейбір адамдар үшін 20 мың АҚШ долларына дейінгі кепілдік депозитін талап ететін ережелер шығарған болатын, ал 75 елдің азаматтарына қатысты бірқатар иммиграциялық визаларды беруге мораторий күшінде қалады.
Бұған дейін АҚШ 50 елдің азаматтарына визалық кепіл енгізетіні хабарланды, оның сомасы 20 мың долларға дейін жетуі мүмкін