АҚШ Қытайдың кейбір ойыншық дрондарын импорттауға рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) 16 маусымда Қытайда өндірілген ойыншық дрондардың жаңа үлгілерін АҚШ нарығына импорттауға рұқсат беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Reuters агенттігінің мәліметінше, FCC 2025 жылдың желтоқсанында қытайлық DJI (Da-Jiang Innovations) және Autel Robotics компаниялары секілді шетелдік өндірушілердің жаңа дрондары мен негізгі компоненттерін АҚШ нарығына шығаруға шектеу қойған болатын. Реттеуші орган ол кезде бұл өнімдер ұлттық қауіпсіздікке «қабылдауға болмайтын тәуекел» төндіреді деп мәлімдеген.
Алайда кейіннен комиссия кейбір жаңа үлгідегі дрондарды импорттауға кезең-кезеңімен рұқсат бере бастады.
FCC бұл жолғы шешім АҚШ Қорғаныс министрлігінің қорытындысына негізделгенін атап өтті. Ведомство қарапайым функциялары бар, қауіп деңгейі төмен ойыншық дрондар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейді деген тұжырым жасаған.
Қорғаныс министрлігінің бағалауынша, мұндай құрылғыларда кәдімгі дрондарға тән алыс қашықтыққа ұшу, ұзақ уақыт әуеде болу, жетілдірілген сенсорлар, жүк тасымалдау, желіге қосылу, сондай-ақ деректерді жинау және сақтау мүмкіндіктері жоқ.
FCC ойыншық дрондарға қойылатын талаптардың да қатаң екенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, олардың салмағы 150 грамнан аспауы, ұшу қашықтығы оператордың көру аймағымен шектеліп, 100 метрден аспауы тиіс. Сонымен қатар құрылғылар интернетке немесе басқа желілерге қосыла алмауы, фото және бейнекамералармен, сондай-ақ бақылау немесе деректер жинауға арналған сенсорлармен жабдықталмауы қажет. Олардың ең ұзақ ұшу уақыты 10 минуттан аспауы керек.
Бұған дейін Шанхай Диснейлендінің 10 жыл ішінде 100 миллионнан астам қонақ қабылдап, Қытайдағы ең танымал туристік нысандардың біріне айналғаны туралы жазғанбыз.