АҚШ көктемнің соңына қарай Ауғанстанға тағы 18 мыңдай әскер жөнелткелі отыр
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - АҚШ қосымша күш құрамынан көктемнің соңына қарай Ауғанстанға тағы 18 мыңдай әскер жөнелткелі отыр.
Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Штаб басшылары комитетінің төрағасы адмирал Майкл Маллен мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
АҚШ Конгресі Сенатының қарулы күштер істері жөніндегі комитетінің тыңдауында сөйлеген сөзінде адмирал, «қосымша күш құрамынан шамамен 4,5 мыңдай американдық жауынгердің Ауғанстанға жеткізілгенін» нақтылады. Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандырудың қайта қаралған стратегиясы аясында, желтоқсан айында АҚШ Президенті Барак Обама Ауғанстанға қосымша 30 мыңдай американ жауынгерін жөнелтуге өкім берген болатын. «18 мыңдай әскер Ауғанстанға көктемнің соңына қарай барып қалады деген ойдамыз», деп атап көрсеткен адмирал, «қалған әскердің де Ауғанстанға «мүмкіндігінше тез, жазда немесе ерте күзде жеткізілетінін» айтты.