АҚШ Колумбия президенті мен оның отбасына қарсы санкция енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі Колумбия президенті Густаво Петро мен оның отбасы мүшелеріне қарсы санкциялар енгізді, деп хабарлайды ТАСС.
АҚШ Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) мәліметінше, санкциялық тізімге президенттің жұбайы Вероника Алкосер Гарсия, ұлы Николас Петро, сондай-ақ елдің ішкі істер министрі Армандо Бенедетти енгізілген.
23 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Колумбия мен Мексика елдері «есірткі картельдерінің толық бақылауына өткенін» мәлімдеді.
– Колумбия – бұл көптен бері бар есірткі ордасы. Бұл өте нашар жағдай, – деді Трамп.
Бұған дейін Колумбия үкіметі Вашингтонның президент Густаво Петроны есірткі өндіру мен тарату ісіне қатысы бар деп айыптаған мәлімдемесін ресми түрде жоққа шығарған болатын.
Айта кетейік, АҚШ 50-ден астам мексикалық саясаткер визаларының күшін жойды.