АҚШ Латын Америкасының төрт елімен сауда келісімдерін жасасты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Латын Америкасы елдері арасындағы келісімдер сауда тарифтері мен тарифтік емес кедергілерді азайтуды қоса алғанда кең ауқымды мәселелерді қамтып отыр, деп хабарлайды Ақ үй.
Аргентина, Сальвадор және Гватемаладан импортталатын тауарларға енді 10% салық салынады, ал Эквадорға 15% тариф енгізіледі.
Аргентина АҚШ-тан тауарлар, соның ішінде кейбір дәрілік препараттар, химикаттар, жабдықтар, азық-түлік, ақпараттық технология өнімдері, медициналық құралдар және көлік құралдарын экспорттау үшін өз нарығына жеңілдікпен қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Аталмыш ел америкалық ауылшаруашылық өнімдері – мал, құс еті, көкөністер, ірімшік және ет үшін өз нарығын ашты. Каракас америкалық сиыр етіне, одан жасалған өнімдерге, сиыр етінен жасалған қосымша өнімдерге және шошқа етінен жасалған өнімдерге тіркеу процесін жеңілдетеді және америкалық сүт өнімдерін импорттайтын кәсіпорындарға тіркеу талабынан бас тартады. Құрама Штаттар кейбір табиғи ресурстар мен фармацевтикалық препараттарға салынатын тарифтерді алып тастайды.
Сальвадор мен Гватемала АҚШ-қа фармацевтикалық және медициналық жабдықтарды экспорттауға арналған реттеуші талаптар мен рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетеді. Елдер АҚШ-тың автомобиль жасау саласындағы стандарттарын қабылдайды және өз нарықтарына АҚШ ауылшаруашылық өнімдеріне қол жеткізудегі кедергілерді жояды.
Эквадор АҚШ-тың негізгі салаларына, соның ішінде машина жасау, денсаулық сақтау өнімдері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, химия өнеркәсібі, автомобиль жасау және кейбір ауылшаруашылық өнімдеріне тарифтерді төмендетуге немесе алып тастауға міндеттелді. Эквадор сонымен қатар АҚШ ауылшаруашылық өнімдеріне тарифтік квоталарды белгілеуді көздеп отыр. АҚШ тарапы өз елінде жеткілікті мөлшерде өсіруге, өндіруге немесе табиғи түрде өндіруге болмайтын Эквадордың кейбір экспорттық өнімдеріне тарифтерді алып тастайтын болды.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен АҚШ президенті Дональд Трамптан атомдық суасты қайықтарына арналған отын алуға рұқсат беруді сұрап, елдің қорғаныс әлеуетін арттыру мақсатында қорғаныс бюджетін ұлғайтатынын мәлімдеді.