АҚШ Мадуроның екі-үш жыл ішінде отставкаға кету туралы ұсынысын қабылдамады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ билігі Николас Мадуроның екі-үш жылдық өтпелі кезеңнен кейін отставкаға кету туралы ұсынысын қабылдамады. Вашингтон Венесуэлаға қарсы әскери операция нұсқаларын қарастырып жатыр, деп жазады Еuronews The New York Times газетіне сілтеме жасап.
Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-пен бейресми келіссөздер кезінде екі-үш жыл ішінде отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген, алайда бұл ұсынысты Вашингтон қабылдамаған, деп хабарлайды The New York Times газеті мен AP агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап.
Ұсынысқа америкалық энергетикалық компанияларға Венесуэланың мұнай ресурстарына қол жеткізу құқығын беру де кіреді.
AP дереккөзіне сәйкес, венесуэлалық шенеуніктер өтпелі кезеңде вице-президент Делси Родригес мемлекеттің басшысы қызметін атқарып, 2031 жылға дейін осы қызметте қалуды, бірақ қайта сайлауға түспеуді ұсынған.
Вашингтон бұл ұсынысты қабылдамаған, өйткені АҚШ Мадуро үкіметінің легитимділігін мойындамайды және «Мадуроның билікті тапсыруды кейінге қалдыруының кез келген түрі Ақ үй үшін қолайсыз» деп жазады NYT.
The New York Times мәліметінше, АҚШ әкімшілігі Венесуэлаға қарсы әскери операцияның түрлі нұсқаларын қарастырып жатыр, оның ішінде Кариб теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды стратегия аясында арнайы жасақ күштерін пайдаланып, Мадуроны тұтқындау жоспары да бар.
Хабарларға қарағанда, Ақ үй Венесуэла үкіметіне қысым көрсетудің санкцияларды күшейту, дипломатиялық қадамдар және аймақтағы әскери қатысуды арттыру сынды түрлі тәсілдерін қарастырып отыр.
The New York Times дереккөздері Трамптың ОББ-ның (ЦРУ) Венесуэла аумағында жасырын операциялар жүргізу жоспарын құптағанын айтады.
Еске сала кетсек, Трамп Венесуэла президентімен келіссөз жүргізуі мүмкін екенін жазғанбыз.
Оның алдында АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы кемелері Кариб теңізі айдынына енгені хабарланған.