Марко Рубио өз ведомствосын қайта жасақтайтынын мәлімдеді

АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өз ведомствосын қайта жасақтайтынын, соның нәтижесінде Мемлекеттік департаменттің көптеген халықаралық бағдарламалары тоқтатылып, оның қызметкерлерінің едәуір бөлігі жұмыстан босатылатынын мәлімдеді, деп жазды BBC.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио
Фото: Report

Ведомствоны «бұзылған, бюрократиялық» және «радикалды саяси идеологияға бейім» деп сипаттаған Рубио, «АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін» әрекеттердің қысқартылатынын айтты.

Атап айтқанда, Мемлекеттік хатшы адам құқықтарының бұзылуын, әскери қылмыстар мен геноцидті бақылаумен айналысатын бөлімді тарату жоспарланып отырғанын нақтылады.

Мемлекеттік департаментті қайта құру жоспарын Рубио сейсенбі күні жаңа құрылымдық схеманы ұсынып, оны қысқаша ресми мәлімдемемен және Substack-тағы толығырақ жарияланыммен таныстырды.

Apnews агенттігінің хабарлауынша, қайта құру сондай-ақ шетелдік және гуманитарлық істер жөніндегі жаңа кеңсенің құрылуын қамтиды, ол USAID агенттігі таратылғаннан кейін қалған көмек бағдарламаларын қадағалайтын болады. Африка істері мен босқындар мәселелерімен айналысатын кеңселер сақталады, ал әйелдер құқықтары мен әртүрлілікке қатысты кеңселер, болжам бойынша, қысқартылуы мүмкін. Бұл жоспар Мемлекеттік департамент қызметкерлері мен заң шығарушылар арасында, әсіресе шетелдегі дипломатиялық белсенді ұйымдарды алаңдатып отыр. 

Демократтар қайта жасақтау АҚШ-тың жаһандық көшбасшылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді, ал кейбір республикалықтар бұл бастаманы ел мүддесіне сәйкес келеді деп қолдады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Марко Рубио АҚШ Украинадағы жағдайды реттеу жұмыстарын тоқтатуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар