АҚШ мемлекеттік қызметтерге арналған бірыңғай онлайн-платформа құрады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық ақпарат пен мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық America.gov порталын құру туралы жарлыққа қол қойды. Аталған құжат Ақ үйдің сайтында жарияланды.

Дональд Трамп подписал первые указы после принятия присяги
Фото: X / JDVanceNewsX

Жаңа портал азаматтардың федералдық мемлекеттік органдармен өзара байланысын жеңілдетуге тиіс. Пайдаланушылар қажетті қызметті әр мемлекеттік органның жеке сайттарынан іздемей-ақ, America.gov порталынан таба алады. Мұнда жүйеге кіріп, қажетті ақпаратты алуға, сондай-ақ тиісті қызмет онлайн түрде қолжетімді болса, оны сол жерден рәсімдеуге болады.

Порталға кіру үшін федералдық мемлекеттік органдар пайдаланушылардың жеке басына қатысты мәліметтерді растауға қолданатын Login.gov жүйесі енгізіледі.

Аталған жүйеге жыл сайын 100 мыңнан астам адам пайдаланатын әрі онлайн түрде қолжетімді федералдық мемлекеттік қызметтер енгізіледі. Алайда бұған АҚШ-тың Салық қызметі ұсынатын салық декларацияларын тапсыру қызметтері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен америкалық барлау қауымдастығының қызметтері кірмейді.

Жарлықта мемлекеттік цифрлық қызметтердің сапасына, қолжетімділігіне, қауіпсіздігіне және пайдалануға ыңғайлылығына қойылатын бірыңғай талаптар да белгіленген. Билік жеке деректерді жинауды барынша азайтып, пайдаланушылардың жеке басына қатысты мәліметтерді растаудың қауіпсіз жүйесін қамтамасыз етуді көздейді.

Сонымен қатар федералдық мемлекеттік органдар өз жүйелеріне, құжаттары мен өкілеттіктеріне бақылауды сақтап қалады. America.gov порталы іске қосылғанымен, азаматтар туралы бірыңғай орталықтандырылған деректер базасы құрылмайды.

Америкалықтар мемлекеттік қызметтерді бұрынғыдай басқа да жолдармен – мемлекеттік мекемелерге жеке барып, телефон арқылы, пошта арқылы немесе тиісті ведомстволардың арнайы сайттары арқылы ала алады. America.gov порталы азаматтардың мемлекетпен байланысуының жалғыз тетігі емес, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің қосымша әрі ыңғайлы құралына айналмақ.

Жарлыққа қол қойылғаннан кейінгі 90 күн ішінде АҚШ-тың Басқару және бюджет басқармасы федералдық ведомстволарға арналған нұсқаулық дайындауға тиіс. Одан кейін ведомстволар порталға енгізілетін қызметтерді анықтап, оларды қауіпсіздік пен құпиялылық талаптарына сай America.gov жүйесіне қосады.

Мемлекеттік органдар порталға қосылған қызметтердің қолданылуы мен тиімділігі туралы мәліметтерді де тұрақты түрде ұсынып отыруға міндетті болады.

Жарлық қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрі қажетті қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асырылады.

Бұған дейін АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне киберқауіпсіздікті дамытуға 5 миллион доллар бөлгені хабарланған болатын.