АҚШ мұсылмандары Иса пайғамбарды лаңкес етіп көрсеткен фильмге жаппай наразы

Бұл жайында muslim.kz хабарлады.
«Иса пайғамбарды (р.а.) істемегенді істеді деп, шынайы тарихты бұрмалағаны оның пайғамбарлығын мойындайтын мұсылмандар үшін ауыр соққы болды», - деп мәлімдеді Америка-ислам қатынасына жауапты ұлттық кеңестің атқарушы директоры Нихад Авад.
«Saturday Night Live» NBC арнасынан көрсетілген фильмде римдіктерге қарсы күрескен Иса пайғамбар (р.а.) барып тұрған қанішер, асқан қатыгез ретінде суреттелген. Онда Иса (р.а.) римдіктерді тас-талқан етіп, тамтығын қалдырмайды. Адам қаны судай аққан фильмде былапыт сөздер өріп жүр.
«Біз сөз бостандығын қолдаймыз. Алайда, наным-сенімге деген құрмет болуы керек», - деді Авад.
Пайғамбарларға жала жауып, тіл тигізген америкалық фильмдер тек мұнымен ғана шектелмейді.
Қыркүйек айында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) келемеждеген фильм көрермендерге жол тартқан болатын. Бұл фильм де әлем мұсылмандарының жаппай наразылығын тудырды.
Аталмыш фильмнің наразылық тудыруына байланысты БҰҰ тарапынан діни наным-сенімді қорлауға тыйым салған қарар қабылданды.