АҚШ өз азаматтарына Израиль мен Ливанға бармауға кеңес берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты өз азаматтарына Израиль мен Ливанға бармауға кеңес берді. Сондай-ақ өңірдегі өзге елдерге сапар жоспарларын қайта қарау ұсынылды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
АҚШ-тың Израильдегі елшілігі таратқан хабарламада өңірде жүрген америкалықтарға барынша сақ болуға және қауіпсіздік жағдайына қатысты жаңалықтарды мұқият бақылауға кеңес берілген.
– Өңірге сапарлауды немесе транзитпен өтуді жоспарлап отырған азаматтарға әуе компанияларынан рейстердің кестеге сай орындалатынын алдын ала нақтылап алу ұсынылады. Сондай-ақ басып алынған Батыс жағалау мен Газа секторына баруды жоспарлаған кезде қазіргі қауіпсіздік жағдайын ескерген жөн, – делінген елшілік хабарламасында.
Ливанның ресми NNA агенттігінің мәліметінше, дәл осындай ескертуді АҚШ-тың Бейруттағы елшілігі де жариялаған.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Иранға қарсы жаңа соққылар легі басталғанын мәлімдеген болатын.