АҚШ өздігінен депортацияланатын заңсыз шетелдіктерге 1000 доллар төлейді

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі қауіпсіздік министрлігі АҚШ-тан кету үшін CBP Home қосымшасын пайдаланатын адамдарға жол ақысын төлеуге көмек көрсетіп, 1000 доллар бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды NBC News

АҚШ
Фото: fedagent.com

Билік заңсыз иммигранттарды елден депортациялануға көндіруге күш салып отыр. 

Дүйсенбіде федералды агенттік CBP Home қосымшасын Құрама Штаттардан өз еркімен кету үшін пайдаланатындарға «өз еліне қайтуын жеңілдету үшін» көмек және «олардың елге оралуы қосымша арқылы расталғаннан кейін» 1000 доллар алатынын жариялады.

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің мәлімдеуінше, өзін-өзі депортациялау – «АҚШ-тан қамауға алынбай кетудің ең жақсы, қауіпсіз және үнемді жолы». 
Ведомствоның мәліметінше, АҚШ салық төлеушілері бір депортация үшін 17 121 доллар жұмсайды. Федералды агенттік өзін-өзі депортациялау бұл шығынды, тіпті қолма-қол төлемді есепке алғанда 70% төмендетеді деп күтіп отыр.

Вашингтондағы Көші-қон саясаты институтының мәліметінше, осы жылы елден өз еркімен кеткені туралы хабарлау үшін кем дегенде 5 мың иммигрант CBP Home қызметін пайдаланған. 

CBP Home қосымшасының жүктелуін қадағалайтын Appfigures компаниясының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қосымша шамамен 300 мың рет жүктелген. 
Наурызда Трамп әкімшілігі Байден дәуіріндегі АҚШ-қа кіруге арналған CBP One бағдарламасын CBP Home-ға өзгертіп, оған 200 млн доллар жұмсады.

Дональд Трамп депортациялауға ұшыраған мигранттар АҚШ-тан кетпесе, оларға күніне 998 доллар айыппұл салып, оны төлемеген жағдайда мүлкін тәркілеуді жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар