АҚШ пен Франция Грузияның «Имеди» телеарнасының жанжалды сюжетін қатты сынға алды

АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат - «Ресейдің Грузияға шабуыл жасағаны туралы» грузиннің «Имеди» телекомпаниясының арнайы репортажының төңірегінде туындап отырған жанжал халықаралық деңгейге шыққалы отыр.

АҚШ пен Франция   Грузияның  «Имеди» телеарнасының    жанжалды сюжетін    қатты сынға алды

Өткен сенбі күні эфирден берілген осы сюжетті АҚШ пен Франция айыптады, деп хабарлады «Росссия 24» телеарнасы.

Атап айтқанда, АҚШ-тың Грузиядағы елшісі Джон Бас Грузияның Қоғамдық телеарнасының эфирінде сөйлеген сөзінде, «мұндай репортаждардың Грузияның қауіпсіздігін нығайтуға сеп болмайтынын» мәлім етті. «Бұл репортаж журналистік стандарттарға да сәйкес емес», деп атап көрсетті АҚШ дипломаты өз сөзінде.

Бұған дейін Франция Сыртқы істер министрлігінің өкілі де аталмыш сюжетті «ақылға сыймайтын және тіптен орынсыз бастама» деп атап, осынау оқиғаға қатыстылардың барлығының жауапкершіліктері мойындарына қойылатынына Париждің үмітті екенін жеткізген болатын.

Өз кезегінде, Грузия Президенті Михаил Саакашвили де, «Имеди» телеарнасының эфирінде орын алған оқиғаға кейіп отырғанын мәлім етті. «Сюжеттің барысында экранда мұның шындық емес, имитация екені жазылуы керек еді. Бірақ, түсіндірме бағдарламаның басы мен соңында ған жасалғандықтан, көптеген адамдар үрейленіп қалды», деді М.Саакашвили өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні кешке «Имеди» телеарнасы «Ресейдің Грузияға басып кіргені және М.Саакашвилидің қазасы туралы» хабарлап, тек хабардың соңында ғана мұның «ықтимал оқиғалардың сценарийі» екеніне түсінік берген. Бұл хабар Грузияда үлкен дүрбелең туғызды. Атап айтқанда, репортажда «Цхинвалда Оңтүстік Осетия басшысы Эдуард Кокойтоға қарсы лаңкестік жасалғаны, содан кейін ресейлік әскердің Грузияға басып кіргені» хабарланды. Одан кейін «үкімет пен президент М.Саакашвилидің жедел көшірілгені» айтылса, бірнеше минуттан кейін телекомпания М.Саакашвилидің азасы туралы және Н.Бурджанадзенің жетекшілігімен халықтық үкіметтің құрылғаны туралы» хабарлады. Бағдарлама жарты сағаттай жалғасты және «Грузия әуежайлары мен теңіз айлақтарының бомбыланып жатқаны туралы» хабарлардан кейін, телекомпания мұның «ықтимал оқиғаның дамуы туралы арнайы репортаж» болғанын мәлім етті.