АҚШ пен Германияның компаниялары Қазақстан әуежайларымен әріптестік орнатуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында Қазақстан аспанын әуемен жүк тасымалдау дәлізіне айналдыру үшін не істеліп жатқанын баяндады.
- Қазақстан әуежайларына әуемен жүк тасымалдаушыларды тарту бағытында шетелдік ірі компаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар: FedEx (АҚШ), UPS (АҚШ), Cargolux (Люксембург), DHL (Германия), Lufthansa Cargo (Германия), - деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның пайымдауынша, саланың көрсеткіштері оң динамика көрсетіп, авиажүк өңдеуі өсіп жатыр.
- Былтыр жүк өңдеу 173 мың тоннаға жетті. Бұл – осы аймақтағы ең үлкен көрсеткіш. Жұмысты әрі қарай күшейтеміз, - деді министр.
Кешегі Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құру туралы тапсырмасы дұрыс орындалмай жатқанын айтып, Үкіметтің шешімін сынаған.