АҚШ пен Иран бітімінен кейін Ливанда қаза тапқандар саны 250-ден асты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Иран атысты екі аптаға тоқтату келісіміне қол жеткізілгеннен бері Израильдің соққыларынан Ливанда 254 адам қаза тауып, 1165 адам жараланды, деп хабарлайды Report.
Бұған дейін 112 адамның қаза тауып, 837 адамның жараланғаны туралы ақпарат болған.
Денсаулық сақтау министрі Ракан Насреддин Израильдің ел аумағы бойынша «100-ден астам әуе соққысын» жасағаннан кейін Ливан «қауіпті шиеленіске» тап болғанын мәлімдеді.
— Жедел жәрдем көліктері зардап шеккендерді ауруханаларға жеткізіп жатыр. Біз халықаралық ұйымдарды Ливанның денсаулық сақтау секторына көмек көрсетуге шақырамыз, — деді Ракан Насреддин.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 8 сәуірге қараған түні Иран, АҚШ және олардың одақтастары екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Иран өз тарапынан осы кезеңде Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуді қамтамасыз ететінін, бұл Иран қарулы күштерімен үйлестіріліп, техникалық шектеулер ескерілетінін мәлімдеді.
Ал Израиль қолданыстағы бітім шешімі Ливанға қатысты емес екенін алға тартып, бұл елге соққылар жасаған. Кейінірек Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф Ливанда атысты тоқтату жоспардың алғашқы шарты болғанын айтты.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы соғыс кезінде наурыз айының басынан бері Ливаннан Сирия Араб Республикасына 200 мыңнан астам адам өткен.