АҚШ пен Иран келіссөзінде қандай мәселелер талқыланатыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қатар астанасы Дохада өтетін АҚШ пен Иран делегациялары арасындағы жанама келіссөздердің негізгі тақырыптары Ормуз бұғазындағы жағдай мен Иранның ядролық бағдарламасы болмақ. Бұл туралы ресейлік ТАСС хабарлады.
Мұны Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мәжид бен Мұхаммед әл-Ансари мәлімдеді.
-Ормуз бұғазындағы жағдай, әрине, келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі. Алайда бұл жалғыз мәселе емес. Бұдан бөлек, Иранның ядролық бағдарламасы мен өңірдегі жалпы ахуал да талқыланады, – деді дипломат брифингте.
Әл-Ансаридің айтуынша, Доханың ұстанымы өзгерген жоқ. Қатар Ормуз бұғазының халықаралық мәртебесіне сәйкес онда кеме қатынасының еш кедергісіз жүруін қолдайды.
Сондай-ақ ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнердің Қатарға делдалдармен кездесу үшін келгенін айтты. Кездесу барысында өңірлік мәселелер, оның ішінде Иранмен келіссөздер мен Ливандағы жағдай талқыланады.
-АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Дохаға сапары өңірдегі түрлі мәселелерді талқылау үшін делдалдармен кездесулер аясында ұйымдастырылды. Оның қатарында Иранмен келіссөздер, Ливандағы жағдай және басқа да мәселелер бар, – деді ол.
Дипломаттың айтуынша, әзірге АҚШ пен Иран делегациялары арасында жоғары деңгейдегі тікелей кездесу жоспарланбаған.
-Мендегі ақпаратқа сәйкес, екі тарап арасында жоғары деңгейдегі кездесу өтпейді. Алдағы күндері де тікелей байланыс болады деп күтілмейді, – деді әл-Ансари.
Ол жоғары деңгейдегі кездесулер техникалық деңгейдегі келіссөздер нақты нәтиже берген жағдайда ғана ұйымдастырылуы мүмкін екенін атап өтті.
-Жоғары деңгейдегі кездесулер техникалық консультациялар нәтиже берген жағдайда ғана өтеді, – деді Қатар СІМ өкілі.
Сонымен қатар әл-Ансари қазіргі уақытта Дохаға Иранның жоғары лауазымды өкілдерінің келуі күтілмейтінін мәлімдеді.
Осыған дейін Қатардың Иранның 6 млрд доллар көлеміндегі активін қайтаратыны туралы жаздық.