АҚШ пен Иран текетіресі қалай өрбіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әлі де келісім мен әскери эскалация арасындағы тепе-теңдікте тұр. Ормуз бұғазы мен ядролық бағдарлама төңірегіндегі келіссөздер қақтығыстың келесі кезеңін айқындауы ықтимал. Kazinform агенттігінің халықаралық шолуында мәселеге талдау жасалды.
Трамптың мәлімдемелері нені аңғартады?
Тамыз айының басында АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс бәсеңдей қойған жоқ. Қақтығысқа қатысушы тараптар мен өңірдегі негізгі ойыншылар соғысты тоқтатудың жолын іздеп жатқанымен, жағдай әлі де келісім мен әскери эскалация арасындағы тепе-теңдікте тұр. Бірде тараптардың ымыраға келу мүмкіндігі артса, енді бірде қақтығыс ушығады деген қауіп күшейеді.
Бұл құбылыс ең алдымен әлемдік нарықтардан байқалады. Келісімге қол жеткізу ықтималдығы артқан сайын мұнай бағасы төмендейді, ал әскери шиеленіс қаупі күшейгенде нарық құбылады. Осыған байланысты жабық келіссөздерге қатысты түрлі ақпараттар жиілеп, тараптардың ұстанымы туралы мәліметтер сыртқа ақтарыла бастады.
Оның басым бөлігі қарсы тарапқа қысым көрсетуге және өз ұстанымының беріктігін көрсетуге бағытталғанымен, ол астыртын келіссөздердің жалғасып жатқанын байқатады. Бұл текетірестің тағы бір ерекшелігі – келіссөздерге қатысты негізгі белгінің едәуір бөлігін АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі жариялап отыр.
Мәселен, 2 тамызда Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен жақын арада келісім жасалса, жоспарланған әскери соққылардан бас тартатынын мәлімдеді. Бұған дейін ол АҚШ Иранның мұнай және энергетикалық инфрақұрылымына ауқымды соққы беруі мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен болатын.
Трамптың айтуынша, шешім Иран мен Таяу Шығыс елдерінің өтінішінен кейін қабылданған. Алайда Тегеран бұл мәлімдемені бірден жоққа шығарды.
Соған қарамастан, 6 тамызда Reuters агенттігі жариялаған ақпарат жағдайдың басқа қырын көрсетті. Агенттік бес дереккөзге сілтеме жасап, Трамптың 28 шілдедегі Иранға ескертуінен кейін Тегеран өңірдегі мемлекеттермен шұғыл байланысқа шыққанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, Иран АҚШ шабуыл жасаса, Парсы шығанағындағы көрші елдердің энергетикалық инфрақұрылымына жауап соққы беретінін ескерткен. Бұл өңір мемлекеттерінің алаңдаушылығын күшейтті. Өйткені олардың стратегиялық энергетикалық нысандары Иранның ықтимал шабуылына осал саналады.
Сауд Арабиясы шиеленісті тоқтатуға мүдделі
2 тамызда Saudi Press Agency агенттігі Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның АҚШ президенті Дональд Трампқа телефон шалып, Иранмен арадағы шиеленісті әскери емес, дипломатиялық жолмен шешуге шақырғанын хабарлады.
Әңгіме нәтижесі жарияланған жоқ. Алайда келесі күні Трамп Ақ үйде АҚШ-тың Иранмен Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және әсіресе Қатардың қолдауымен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Бірақ Тегеран бұл ақпаратты бірден жоққа шығарды. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүрмегенін айтты. Дегенмен ол Оманмен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты диалогтың жалғасып жатқанын растады.
Мәлімдемелер келіссөздердің мүлде орнамағанын білдірмейді. Керісінше, олар делдалдар арқылы жүргізіліп жатқан болуы мүмкін. Оның үстіне Трамп Ормуз бұғазының ашылуын қазіргі кезеңдегі басты мәселе деп атап, Қатардың рөлін ерекше көрсетті. Сондықтан келіссөздерде Қатар негізгі делдалға айналған болуы ықтимал. Ал Иран үшін мұндай міндетті Оман атқарып отырғанға ұқсайды.
Иранның келіссөздерді ресми түрде жоққа шығаруы да түсінікті. Шығыс саяси дәстүрінде мұндай жағдайда әлсіздік танытпау маңызды саналады. Соған қарамастан, Тегеран АҚШ-тың мұнай және энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасауына мүдделі емес. Өйткені мұндай шабуыл Иран экономикасына ауыр зардабын тигізіп, өндіріс орындары мен электр стансаларын қалпына келтіруге миллиардтаған қаржы мен ұзақ уақыт қажет болады.
Ал Вашингтон үшін Иранның энергетикалық секторына соққы беру әскери қысым жасаудағы ең соңғы әрі ең ықпалды құралдардың бірі болып отыр. Осы уақытқа дейін АҚШ мұндай қадамға бармаған. Себебі мұндай жағдайда Иранның жауабы әлдеқайда қатаң болуы мүмкін.
Мұндай қауіптің тарихи негізі де бар. 1983 жылы Ливандағы Бейрут қаласында АҚШ теңіз жаяу әскері мен Франция бітімгерлерінің казармаларына жасалған жарылыстан 241 америкалық және 58 француз әскери қызметкері қаза тапты. Шабуыл үшін жауапкершілікті белгісіз шииттік ұйым мойнына алғанымен, кейін саяси және сарапшылық ортада оның артында Иран тұрған болуы мүмкін деген қауесет тарады.
Иранның ықпал желісі Парсы шығанағына қандай қауіп төндіреді?
Иранның өңірдегі ықпалы тек ресми саясатпен шектелмейді. Тегеранның әртүрлі елдерде әрекет ететін прокси топтары мен ықпал ету желісі қалыптасқан. Мәселен, Бахрейн мен Сауд Арабиясында шиит қауымының бір бөлігі Иранға жанашырлық танытады. Ал Бахрейнде шииттер халықтың басым бөлігін құрайды. Сонымен қатар Ирактағы Иранды қолдайтын қарулы топтардың да елеулі әскери әлеуеті бар.
Сондықтан Парсы шығанағы елдері бұл күштерді өңірлік қауіпсіздікке төнетін негізгі қатердің бірі ретінде қарастырады. Мұның айқын көрінісі 28 шілдеде байқалды. Сол күні АҚШ пен Сауд Арабиясы Ирактың Найнава провинциясындағы Иранды қолдайтын прокси күштердің нысандарына соққы жасап, шабуыл кезінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бірнеше нұсқаушы офицері қаза тапты.
Осы оқиғадан кейін Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігі X әлеуметтік желісінде: «Біз шиеленісті ушықтыруға ұмтылмаймыз, бірақ кез келген агрессияға жауап болады» деп мәлімдеді.
Мәлімдеменің тағы бір қыры бар. Бұған дейін Сауд Арабиясы Иранның шабуылдарына жауап ретінде бірнеше рет соққы жасағаны айтылғанымен, ол әрекеттер ресми түрде жарияланбаған еді. Ал бұл жолы Эр-Рияд Ирак аумағындағы Ислам революциясы сақшыларының корпусы (ИРСК) күштеріне жасалған шабуылға қатысқанын ашық мәлімдеді. Сарапшылар мұны Иранға берілген саяси белгі немесе өңірдегі жаңа қауіпсіздік ахуалына дайындықтың көрінісі болуы мүмкін деп бағалайды.
Неліктен Сауд Арабиясы ашық әрекетке көшті?
АҚШ пен Сауд Арабиясының Ирактағы ирандық офицерлерге қарсы бірлескен операциясы екі ел арасындағы кең келісімнің бір бөлігі болуы мүмкін. Бұған 22 шілдеде Вашингтон мен Эр-Риядтың Сауд Арабиясының ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюы негіз бола алады. Құжатта корольдікке уранды байытуға мүмкіндік беру мәселесі де қарастырылғаны айтылды. Бұл АҚШ-тың Сауд Арабиясына жасаған маңызды саяси қадамы ретінде бағаланды.
Ирактағы шабуылдың тағы бір себебі Найнава провинциясының стратегиялық маңызымен байланысты болуы ықтимал. Орталығы Мосул қаласы саналатын өңір – дәстүрлі түрде сунниттер мекендейтін аумақ. Иранды қолдайтын қарулы топтар мұнда 2017 жылы «Ирак және Левант ислам мемлекеті» ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) жеңілгеннен кейін орналасты. Сарапшылардың пікірінше, ИРСК мен оған жақын шииттік күштер жергілікті жағдайды бақылап қана қоймай, Сирия мен Түркияға өтетін маңызды бағытты да қадағалап отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Сауд Арабиясының АҚШ-пен бірге КСИР күштеріне жасалған соққыға қатысқанын алғаш рет ашық жариялауы кездейсоқ емес. Бұл Эр-Риядтың Иранға бағытталған саяси сигналы болуы мүмкін. Яғни, корольдік өз аумағына жасалатын шабуылдарға енді үнсіз қалмайтынын көрсетті. Сонымен қатар бұл қадам қақтығыс ушыға қалған жағдайда жаңа қауіпсіздік ахуалына дайындық ретінде де бағалануы ықтимал. Мұндай жағдайда өңірдегі суннит-шийт текетіресінің қайта күшею қаупі жоқ емес.
Соған қарамастан, тараптардың ешқайсысы жағдайдың мұндай деңгейге жетуіне мүдделі емес. Мұны 28 шілдедегі оқиғалар аңғартты. Дональд Трамп Иранға бұрын-соңды болмаған қуатты соққы жасалуы мүмкін екенін мәлімдегеннен және КСИР нысандарына шабуыл жасалғаннан кейін Тегеран өңір елдерімен шұғыл байланысқа шықты. Ал 2 тамызда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Трамппен сөйлесіп, шиеленісті бәсеңдету және мәселені дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін талқылады.
Жаңа мәміле Ормуздан басталуы мүмкін
АҚШ пен Иран арасында келіссөздер шынымен жүріп жатқан болуы мүмкін. Бірақ олардың нақты мазмұны әзір жария емес. Дегенмен соңғы мәлімдемелерге қарағанда, тараптар алдымен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы мәселесін талқылап жатқанға ұқсайды.
Иран үшін бұғазды ашу мақсат емес. Бұл – Вашингтонмен келіссөз жүргізудегі басты қысым тетіктерінің бірі. Егер осы мәселе бойынша ортақ мәмілеге қол жеткізілсе, онда биылғы, соғыс басталғанға дейінгі жағдайға ішінара оралуға мүмкіндік туады. Алайда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.
Дональд Трамптың айтуынша, Ормуз бұғазы жаңа ықтимал келісімнің алғашқы кезеңі болмақ. Ал одан кейін тараптар Иранның ядролық бағдарламасын талқылауға көшеді. Бұл Вашингтон мен Тегеранның әзірге соғысқа дейін басты талаптардың қатарында болған Иранның зымыран бағдарламасы мен Тегеран қолдайтын прокси күштер мәселесін кейінге қалдырғанын көрсетеді.
Өз кезегінде Иран да маусымда ұсынылған келісімнің барлық шартын емес, оның бір бөлігін ғана қабылдауға дайын болуы мүмкін. Яғни Тегеран санкцияларды толық алып тастау, шамамен 100 млрд доллар көлеміндегі бұғатталған активтерді толық босату және елді қалпына келтіруге арналған 300 млрд долларлық бағдарламаның орнына шектеулі келісімге келуге келісуі ықтимал.
Демек, тараптар әзірге барлық түйткілді бірден шешуге емес, кезең-кезеңімен ілгерілеуге басымдық беріп отырған сияқты. Оның алғашқы қадамы – Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеу, ал одан кейін Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді жалғастыру болуы мүмкін.
Вашингтонның алдында қандай таңдау тұр?
5 тамызда The Washington Post АҚШ-тың Иранға қатысты әскери жоспарына байланысты жаңа мәлімет жариялады.
Басылымның жазуынша, Дональд Трамп 31 шілдеде Флоридадағы резиденциясында өткен кеңесте Қорғаныс министрі Пит Хегсетті жоғары дәлдіктегі қару-жарақ қорының жағдайы туралы уақытында баяндамағаны үшін сынға алған. Соның салдарынан Трамп жоспарлаған ауқымды әскери соққының орындалуына күмән туған.
Кейін Пит Хегсет жауапкершілікті орынбасарына жүктегені айтылды. Алайда мәселе қару-жарақтың жетіспеуінде емес. Вашингтон бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сондықтан әңгіме қару қорынан гөрі әскери жоспарлау мен ақпараттың басшылыққа дер кезінде жетпеуіне қатысты болуы ықтимал.
Соған қарамастан, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес әлі де шешуші кезеңде тұр. Бір жағында келісімге келу мүмкіндігі, екінші жағында әскери қақтығыстың күшею қаупі тұр. Екі тарап та өз ұстанымынан бас тартқысы келмейді, ал келіссөз жүргізу мүмкіндігі барған сайын тарылып барады.
Дегенмен бұл жағдайда АҚШ-тың мүмкіндігі көбірек. Маусымдағыдай Ормуз бұғазы толық жабылған жоқ. Қазір ол арқылы тәулігіне шамамен 10 кеме өтеді. Бұл Вашингтонға Иран порттарына қысымды сақтап, Тегеранның ымыраға келуін күтуге мүмкіндік береді. Бірақ мұндай тактиканың қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Оның үстіне қарашада АҚШ-та Конгреске аралық сайлау өтеді.
Әрине, Вашингтон қажет болса, Трамп бірнеше рет айтқан ауқымды әскери соққыға да бара алады. Алайда мұндай шешімнің тәуекелі жоғары. Сондықтан қазіргі жағдайда толыққанды келісімнен бұрын соған жол ашатын аралық уағдаластықтың жасалу ықтималдығы басымырақ.
Осыған дейін Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кемелердің жүру бағытын келіскені туралы жаздық.