Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ пен Сауд Арабиясы бейбіт атом энергетикасы туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Сауд Арабиясы бейбіт атом энергетикасын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ТАСС.

АҚШ пен Сауд Арабиясы бейбіт атом энергетикасы туралы келісімге қол қойды
Фото: Win McNamee/ Getty Images

Құжат америкалық компаниялардың Сауд Арабиясының ядролық бағдарламасын іске асыруға қатысуын көздейді және қазір АҚШ Конгресінің қарауына жолданған.

АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, келісімге 22 шілдеде АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдель Әзиз бен Сәлман Әл Сауд қол қойған.

Құжат ұзақ мерзімге арналған. АҚШ тарапының мәлімдеуінше, ол америкалық компанияларға корольдіктің атом энергетикасын дамыту жобаларына қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ынтымақтастық ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимінің жоғары стандарттарына сай жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Крис Райттың айтуынша, келісім екі ел арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, келісімнің 30 жылға дейін күшінде болуы мүмкін екенін және онда ондаған миллиард доллар көлеміндегі инвестициялар қарастырылғанын хабарлаған болатын. Басылымның жазуынша, америкалық компаниялар Сауд Арабиясының ядролық инфрақұрылымын құруда жетекші рөл атқарады.

Сондай-ақ жарияланымға сәйкес, құжаттағы тармақтардың бірі тараптар мұндай жобаны орынды деп тапқан жағдайда, корольдік аумағында уран байыту кәсіпорнын салу мүмкіндігін қарастырады.

Еске сала кетейік, Трамп мамыр айында Ибраһим келісімін кеңейтуді ұсынған болатын.