АҚШ полициясы дәретханада бір сағат отырған жолаушыны қамауға алды

Жексенбі күні Детройтта Air Lines компаниясының лайнер бортындағы әрекеті жұртшылық назарын аударған нигериялық азамат ұсталды, деп хабарлайды РБК агенттігі.
«Әл-Кайеда» мүшесі, нигериялық басқа азамат Омар Фарук Әбдултуталлаб сияқты, бұл азамат та Детройтқа Амстердамнан ұшып келген. Алдымен ол ұшақтың дәретханасына бір сағатқа кіріп кетеді, ал жерге қонған соң айналасындағылармен дөрекі сөйлесе бастайды.
Арнайы қызмет нигериялық азаматты қамауға алып, ұшақты тексеріп шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, борттан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, нигериялық Омар Фарук Әбдултуталлаб деген азамат желтоқсанның 26-сында Амстердам-Детройт бағытындағы ұшақтың бортында жарылғыш затты іске қоспақ болған еді. Жауап алу кезінде ол, бұл лаңкестік әрекетті оған «Әл-Кайеда» ұйымы жүктегенін мәлім еткен.