АҚШ Сенаты Иранмен соғысты тоқтату туралы қарарды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Конгресінің Сенаты Вашингтон әкімшілігін Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға шақыратын қарар қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.
Құжатты қолдап 50 сенатор дауыс берсе, 48-і қарсы шықты. АҚШ-тың билеуші республикалық партия қатарынан төрт заң шығарушы қарарды қолдады. Ал демократтар арасынан тек бір сенатор ғана қарсы дауыс берген. Осыған ұқсас құжат маусым айының басында АҚШ Өкілдер палатасы тарапынан да мақұлданған болатын.
Бұл жағдайда сөз Конгрестің әр палатасында жеке қабылданатын қарар туралы болып отыр. Оның заңдық күші жоқ және тек ұсынымдық сипатқа ие. Мұндай құжаттар арқылы заң шығарушылар өз ұстанымдарын білдіреді. Ал АҚШ-тың атқарушы билігі оларды елемеуге құқылы.
Қарарда АҚШ президенті Дональд Трамп «америкалық қарулы күштерді Иран Ислам Республикасына қарсы әскери іс-қимылдардан шығаруы тиіс» деп көрсетілген. Бұл талап Иранға қарсы әскери әрекеттер Конгрестің мақұлдауын алмаған жағдайда және америкалық күштердің қатысуы АҚШ-ты немесе оның одақтастарын шабуылдан қорғау үшін қажет болмаған кезде орындалуы керек.
АҚШ Конституциясы бойынша соғыс жариялау құқығы президентке емес, Конгреске берілген. Соған қарамастан, соңғы онжылдықтарда америкалық президенттер шетелде әскери күш қолдануға қатысты Конгресс берген рұқсаттарды кеңінен түсіндіріп, іс жүзінде жаңа әскери операцияларды бастау үшін пайдаланып келді.
Бұған дейін Вашингтон мен Тегеран барлық майдандарда, соның ішінде Ливанда, әскери қимылдарды дереу тоқтатуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. 21 маусымда Швейцариядағы Бюргеншток елді мекенінде АҚШ пен Иран өкілдері арасында Доха мен Исламабадтың делдалдығымен меморандумды іске асыру мәселесіне арналған келіссөздер өтті.
Келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін жарияланған бірлескен мәлімдемеде Пәкістан мен Катар тараптары Иран мен АҚШ өкілдерінің кездесуі оң әрі сындарлы жағдайда өткенін атап өтті. Тараптар белгілі бір ілгерілеушілікке қол жеткізіп, алдағы техникалық келіссөздерді өткізуге негіз қалаған.
Айта кетейік, АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын уақытша тоқтатты.