АҚШ шабуылдаған қайықтардың есірткі картельдеріне қатысы жоқ — Венесуэла елшісі

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла — есірткі тасымалына қатысы жоқ ел. Бұл туралы Венесуэланың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Росальба Ло Буэ Антико Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Дипломат сонымен қатар елдің мұнай экспортының артуы туралы айтып, Нобель сыйлығының венесуэлалық оппозиционер Мария Корина Мачадоға табысталуына қатысты пікір білдірді.

Суда, атакованные ВМС США, не связаны с наркокартелями — Посол Венесуэлы
Фото: Жұлдыз Атагельдиева/Kazinform

— Венесуэла әлемдегі дәлелденген ең ірі мұнай қорына ие. 2025 жылғы қыркүйекте елдің мұнай экспорты тәулігіне шамамен бір миллион баррель деп бағаланған — бұл 2020 жылғы ақпаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Үкімет мұнай экспортын ұлғайтып, осы салада басқа елдермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр ма?

— Венесуэланың мұнай секторына қатысты айтқанда, біз бұл саланың өсіп, қалпына келіп жатқанын байқаймыз. Америка Құрама Штаттары венесуэлалық мұнай өнеркәсібіне санкция енгізгенге дейін, бұл салаға алғашқы соққы президент Уго Чавес кезінде жасалған болатын. Ал соңғы он жылда біздің мұнай өндірісімізді азайтуға жасалған әрекеттерге қарамастан, бүгінде біз керісінше өсім мен қалпына келу үдерісін байқап отырмыз.

Соңғы, 2025 жылғы қыркүйек айының деректеріне сәйкес, тәулігіне шамамен 1 100 000 баррель мұнай өндірілуде. Бұл — қалпына келтіру жұмыстарында ең жоғары деңгейге қол жеткізгенімізді білдіреді. Бұл сондай-ақ Венесуэлаға бағытталған тұрақты агрессия әрекеттері мен ақпараттық соғысқа қарамастан, елдің түрлі трансұлттық мұнай компанияларымен ынтымақтастықты күшейтіп, бірлескен жобаларды орнатып, әрі қарай дамытып келе жатқанымен байланысты.

Біз бүгінде Shell, Repsol, Eni секілді компаниялардың, сондай-ақ Венесуэлада жұмыс істеп жатқан басқа да трансұлттық компаниялардың қызметін көріп отырмыз. Сонымен қатар, Қытай және Ресеймен әріптестік келісімдерді әртараптандыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Мұның бәрі — Венесуэланың мұнай өнеркәсібін қалпына келтіру жолындағы маңызды қадамдар.

Біз санкцияларға қарамастан, өсіп, мұнай секторын қалпына келтіріп келеміз. Бүгін біз мақтанышпен айта аламыз: тәулігіне бір миллион баррельден астам мұнай өндіріп жатырмыз және бұл көлемді одан әрі ұлғайта беретін боламыз.

— АҚШ бұған дейін Венесуэла жағалауында есірткі саудасымен байланысты болуы мүмкін бірнеше қайықтың жойылғанын хабарлаған еді. Венесуэла тарапы бұл оқиғаларды және олардың есірткі саудасымен байланысын растай ма?

— Ең алдымен, бұл — Венесуэлаға қарсы жүргізіліп жатқан ақпараттық соғыстың бір бөлігі. Біздің елге қарсы таралып жатқан ақпарат — Венесуэланы жалған айыптап, БҰҰ-ның есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі есебін жоққа шығаруға бағытталған әрекет.

Венесуэла бұл мәселемен белсенді күресіп келеді, әсіресе соңғы он жылда — Чавес президент болған кезден бастап және қазіргі президент Мадуро тұсында. Соңғы бес жылдағы деректерге сүйенсек, есірткі трафигінің 87 пайызы Колумбия аумағында өндірілетін есірткімен байланысты, және ол нақты белгіленген бағыттармен өтеді. Тек 17 пайызы ғана Колумбияның Кариб жағалауы арқылы АҚШ пен Кариб бассейніндегі кейбір аралға бағыт алады немесе жетуге тырысады.

Ал Венесуэла аумағы арқылы өтпек болған үлес небәрі 5 пайыз шамасында. Жуырда болған оқиғада балықшы қайықтарымыздың жойылуы — таза арандату, Венесуэлаға қарсы әскери әрекеттерді ақтап алуға арналған халықаралық фарс. БҰҰ-ның есептерінде Венесуэла — есірткі өндірісінен еркін ел екені және ел аумағында есірткі трафигіне қарсы тұрақты күрес жүргізіліп жатқаны анық жазылған. Бізде есірткі өсімдіктері мен олардың өндірісі өте аз мөлшерде.

Сондықтан Венесуэла халқы, президент Николас Мадуро және үкімет бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, қарапайым балықшыларымыздың өлтірілуі жазасыз қалмауын талап етеді.

— Нобель комитетінің Мария Корина Мачадоға бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын беру туралы шешіміне Венесуэла қалай қарайды? Каракас оның саяси қызметін қалай бағалайды?

— Халықаралық ұйымдардың, соның ішінде соншалықты беделді ұйымның — Нобель сыйлығын тағайындайтын мекеменің бейбітшілік номинациясында осындай шешім қабылдауы алаңдаушылық туғызады. Бұл сыйлықты соңғы жиырма жыл ішінде, әсіресе соңғы он төрт жылда Венесуэлада әскери араласуды талап етіп келген әйелге берді. Ол заңды үкіметті күшпен құлатуды талап етіп, өз венесуэлалық халқына қарсы мемлекеттік төңкерістер мен террористік әрекеттерді қолдады.

Осы орайда Боливариандық Республика үкіметі, президент Николас Мадуроның сөздеріне қарағанда, оған сыйлық беру фактісін мұқият қайта қарастыру қажет деп санайды, себебі ол бейбітшілік жолында бірде-бір пайдалы іс жасамаған, керісінше, Венесуэланы «сатуға» тырысқан. Ол терроризмді насихаттап, Венесуэланы кез келген басқа мемлекетке беру мәселесінің белсенді жақтаушысы болып қала береді, бұл барлық венесуэлалықтардың өміріне қауіп төндіреді. Міне, осы қасиеті оны венесуэлалық халықтың азаттығын жоюға ұмтылған зиянды тұлғаға айналдырады.

Сондықтан Венесуэла бұрынғыдан да мықты күресті жалғастыратынын жариялайды, өйткені елдегі басым көпшілік — ұлттық келісім — халықтың егемендігі мен өздігін-өзі анықтау құқығы құрметтелуі тиіс деп санайды. Біз өз территориямызды бұрынғыдан да қатты қорғаймыз және шетелдік араласуға жол бермейміз.

Еске сала кетсек, 15 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Кариб теңізінің халықаралық суларында екінші кемеге соққы берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шағын кеме Венесуэлаға тиесілі болған және АҚШ-қа есірткі тасымалдап бара жатқан.

Бұдан бұрын 2025 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы Венесуэла саясаткері Мария Корина Мачадоға «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қамтамасыз етудегі тынымсыз қызметі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өту жолындағы күресі үшін» берілді.

Соңғы жаңалықтар