АҚШ шетелде жасалған адамтектес роботтарға тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералды комиссиясы (FCC) ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптерге сілтеп, шетелде жасалған жаңа адамтектес роботтар мен күштік инверторларды импорттауға тыйым салды, деп хабарлайды NBC News.
FCC тыйымы сондай-ақ төрт аяқты робот иттердің жаңа импортына да қатысты. Агенттік озық роботтардың киберқауіпсіздік пен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ тұрақты токты айнымалы токқа түрлендіретін және жаңартылатын энергия жүйелерінде, деректерді өңдеу орталықтарында және тұрмыстық техникада қолданылатын күштік инверторларға тыйым салынған.
FCC тыйымдары дрондарды қоса алғанда қытайлық өнімдерді импорттауға және Қытайға озық америкалық технологияларды экспорттауға бірқатар шектеу қойылғаннан кейін енгізілді.
Қытай гуманоидты роботтардың әлемдік нарығында үстемдік етіп отыр, бағалау бойынша, елдің нарықтағы үлесі шамамен 85%-ды құрайды. 2026 жылдың бірінші жартысында Қытай 400-ден астам адамтектес робот жасап шығарды.
Morgan Stanley талдаушыларының болжамынша, Қытайдағы гуманоидты роботтар нарығы 2030 жылға қарай 15 млрд долларға жетуі мүмкін.
2025 жылға дейін бүкіл әлемде шығарылған шамамен 15 мың адам тәріздес роботтардың ішінде Қытайдың ең ірі екі робототехника компаниясы Unitree және AGIBOT әрқайсысы 5 мыңнан астам робот құрастырған. Omdia технологиялық зерттеу және консалтингтік тобының мәліметінше, америкалық бәсекелестер Tesla және Figure AI әрқайсысы бірнеше жүз робот құрастырған.
Қытайдың мәлімдеуінше, ол қытайлық кәсіпорындардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін «барлық қажетті шараларды» қабылдайтын болады.
Omdia бас талдаушысы Лиан Джае Су жаңа тыйымдар америкалық және қытайлық технологиялық компаниялар арасындағы ынтымақтастыққа кедергі келтіруі мүмкін деп санайды. Мысалы, маусым айында Nvidia қытайлық Unitree өндірушісінің шассиіне негізделген гуманоидты роботты таныстырды.
Осыған дейін Қытайда судағы құтқару жұмыстарына арналған өрмекші робот жасалғанын хабарладық.
Қытайда шығарылған гуманоид робот алғаш рет лапароскопиялық ота жасады.