АҚШ-та 11 қыркүйек құрбандарын еске алуға арналған монета шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Теңге сарайы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдың 25 жылдығына орай номиналы 50 цент болатын монета шығарды, деп хабарлайды АҚШ Қаржы министрлігі.

АҚШ-та 11 қыркүйек құрбандарын еске алуға арналған монета шығарылды
Photo source: usmint.gov

Монетада шабуыл жасалған күн көрсетілген арнайы белгі және оны айнала «Ешқашан ұмытпаймыз» деген жазу орналастырылған.

— Ширек ғасыр өтсе де, құрбандар мен олардың отбасыларына берген уәдеміз өзгерген жоқ: біз ешқашан ұмытпаймыз, — деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.

Оның айтуынша, монетаны шығару қаза тапқандардың рухына тағзым етуге, сондай-ақ өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарған адамдардың ерлігін құрметтеуге арналған.

Естелік монета АҚШ Теңге сарайының сайтында алдын ала тапсырыс беруге қолжетімді.

Еске салайық, осыдан тура 25 жыл бұрын, 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте лаңкестік шабуылдар жасалып, соның салдарынан Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасы қирады. Алайда ширек ғасыр өтсе де, шабуылдарды ұйымдастырды деп айыпталған Халид Шейх Мұхаммедке қатысты негізгі сот процесі әлі басталған жоқ. Оның үстіне биылғы тамызда сот процестің басталуын тағы да 2028 жылға қалдырды.