АҚШ-та болған атыс салдарынан 10 адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласында болған жаппай атыс салдарынан 10 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында күдікті де бар, деп хабарлайды Синьхуа.
Тусон қалалық полиция басқармасының мәліметінше, атыс жексенбіге қараған түні қала орталығындағы адам көп жиналған ауданда болған.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған аумақты патрульдеп жүрген полиция қызметкерлері оқ атылғанын естіп, оқиға орнына дереу жеткен. Сол жерде олар қашып бара жатқан ер адамды байқап, тоқтау туралы талап қойған. Алайда күдікті полицейлердің заңды талабына бағынбағандықтан, тәртіп сақшыларының бірі қару қолдануға мәжбүр болған.
– Полиция қызметкерлері зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оларды Тусон қаласының өрт сөндіру қызметі жақын маңдағы ауруханаға жеткізді. Күдікті ұсталды, ауыр жарақат алған бірнеше адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр, – деп хабарлады Тусон полиция басқармасы.
Айта кетейік, Теннесси түрмесіндегі 5 тұтқынның өліміне қатысты қылмыс тергеліп жатыр.