АҚШ-та бір ай ішінде мыңнан астам шетелдік студенттің визасы жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Көптеген студент визаларының жойылуына байланысты Трамп әкімшілігін сотқа берді. Бұл туралы Анадолы хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің визалар мен тұруға рұқсаттарды жою шаралары аясында, Палестинаны қолдайтын университет студенттерін қоса алғанда, бір ай шамасында мыңнан астам шетелдік студенттің құқықтық мәртебесі мен визалары жойылды.
Палестинаны қолдау мақсатында АҚШ-та өткен наразылықтарға қатысқан шетелдік азаматтардың, соның ішінде студенттердің визалары мен тұру рұқсаттарының жойылуы туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып жатыр.
Associated Press (AP) агенттігі 160 университеттен жинаған деректерге сүйене отырып жасаған есепке сәйкес, визаларды жою шаралары АҚШ аумағында кең көлемде жалғасып жатыр.
Визасы жойылған студенттердің арасында Үндістан мен Қытай азаматтары жиі кездеседі, сондай-ақ Газадағы шабуылдарға қарсы шыққан шетелдік студенттер де бар.
Наурыз айында мыңнан астам студенттің визасы мен құқықтық мәртебесі жойылды. Оларға бұл туралы электрондық пошта арқылы хабарланған.
АҚШ-та жүздеген студент визаларының жойылу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Визасы жойылған студенттер елден шығарылуы мүмкін.
Визалары жойылған студенттер не себепті мұндай шешім қабылданғанын біле алмай отыр.
Көптеген студен Трамп әкімшілігін сотқа берді.
Федералдық судья Дартмут университетінің докторанты Шиаотян Людің құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін визаны жоюға уақытша тыйым салу туралы шешім шығарды.
Монтана штаты университетінің екі студентінің де визасы жойылған еді, бірақ сот шешімінен кейін олардың құқықтық мәртебесі қалпына келтіріліп, елден шығарылу қаупі жойылды.
30 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп «антисемитизмге қарсы күрес» туралы жарлыққа қол қойды. Бұл құжат Палестинаны қолдаған шерулерге қатысқан студенттерді елден шығаруға мүмкіндік берді.
27 наурызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «ХАМАС-ты қолдайды» деген айыппен 300-ден астам шетелдік студенттің визасы жойылғанын мәлімдеді.
25 наурыз кешкісін Массачусетс штатындағы үйінен ауызашарға бара жатқан кезде философия докторанты Рюмейса Өзтүрікті Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) азаматтық киімдегі қызметкерлері ұстап алып кеткен.
Бұған дейін Колумбия университетін жаңа бітірген палестиналық белсенді Махмуд Халил де қамауға алынған болатын.
Айта кетелік АҚШ-тың Йеменге жасаған әуе соққысынан қаза тапқандар саны 38-ге жеткен еді.