АҚШ-та химиялық зауытта жарылыс болды: қаза тапқандар бар
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Лонгвью қаласындағы зауытта ішінде химикаттар бар цистерна жарылып, бір адам қаза тапты, тоғыз адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды NBC News.
Оқиға сейсенбі, 26 мамырда таңертең Nippon Dynawave Packaging зауытында болды. Целлюлоза өндірісінде қолданылатын химиялық зат - ақ сілті бар резервуар жарылды.
PeaceHealth St. John Medical Center медициналық орталығына жарақат алған тоғыз адам, оның ішінде бір өрт сөндіруші түскен. Науқастар жеңілден ауырға дейін түрлі жарақат алған. Кейбіреулеріне күйік және тыныс алу жолдарының жарақаттары диагнозы қойылды. Тек алты адамның жағдайы қанағаттанарлық.
Өрт сөндірушілердің мәліметінше, құлаған резервуарда әлі де химиялық сұйықтық бар. Бұл құтқарушылардың зардап шеккендерге жетуін қиындатып отыр.
Бастапқыда билік резервуар сыйымдылығын 80 мың галлон (302 800 литр) екенін хабарлаған. Бірақ кейінірек оның ішінде шамамен 900 мың галлон (3,4 млн литр) ақ сілті болғаны анықталды.
Вашингтон штатының губернаторы Bob Ferguson адамдардың қаза тауып, жарақат алуына байланысты көңіл айтып, оқиға орнына штаттың Экология департаментінің қызметкерлері жіберілгенін хабарлады.
Билік жақын маңдағы елді мекендерге еш қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Бірақ тұрғындарды зауыттан аулақ жүруге шақырды.
Зауытта шамамен 1000 адамды жұмыс істейді. Ол майлықтар, баспа қағазы, қағаз стақан мен тәрелкелерге, сондай-ақ сүт пен тамақ өнімдеріне арналған картон қораптар мен контейнерлерге арналған материалдар шығарады.
Осыған дейін Калифорниядағы аэроғарыш зауытынан улы бу шығып, 40 мың адам эвакуацияланғанын хабарладық.