АҚШ-та ипотеканың орташа айлық төлемі 2000 доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та ипотекалық несиелер бойынша орташа айлық төлем 2000 доллардан асып, тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселесінің күшейгенін көрсетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Вашингтоннан.

р
Фото: pexels

Realtor.com деректеріне сәйкес, өтелмеген ипотекалық несиелер бойынша орташа төлем соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Мәселен, 2013 жылдың басында бұл көрсеткіш 1255 долларды құраса, 2020 жылдың басында 1456 долларға дейін біртіндеп артқан. Кейін тұрғын үй бағасының қымбаттауы және ипотекалық несиелер санының көбеюі аясында өсім қарқыны жеделдеген.

– Соңғы төрт жылда ипотека бойынша орташа айлық төлем 1390 доллардан 2005 долларға дейін өсіп, шамамен 44%-ға артты. Бұл АҚШ-та тұрғын үйдің қолжетімділігіне қысым күшейгенін көрсетеді, – делінген зерттеуде.

Есепке сәйкес, ипотекалық несиелердің 50,6%-ы жылдық мөлшерлемесі 4% және одан төмен деңгейде берілген. Ал 27,4%-ы 4-6% аралығында рәсімделген.

Сондай-ақ бастапқы жарнасы 6% және одан жоғары ипотекалардың үлесі 21,9%-ға жеткен. Бұл 2024 жылдың соңындағы 18%-бен салыстырғанда 3,9 пайыздық тармаққа көп. Сарапшылар бұл өсімді жоғары пайыздық мөлшерлемелерге қарамастан тұрғын үйге сұраныстың сақталуымен байланыстырады.

– Жоғары мөлшерлемелерге қарамастан, сатып алушылар белсенділігінің сақталуы ипотекалық нарықтағы қысымды арттырып отыр, – деп атап өтілген есепте.

Айта кетейік, Швеция ипотекалық несие беру талаптарын жеңілдетеді.