АҚШ-та мектептегі хоккей ойынында атыс болды: қаза тапқандар бар
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы жоғары мектептегі хоккей ойынында болған атыста екі адам мерт болып, тағы үшеуі жарақат алды. Атыс жасады деген күдікке ілінген ер адам оқиға орнында өлі күйінде табылды, деп хабарлайды NBC News.
Зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді, олардың жағдайы ауыр.
Атушының есімі анықталды – ол 56 жастағы Роберт Дорган. Күдікті залда жалғыз болып, отбасы мүшесі қатысқан хоккей ойынын көруге келген. Ол өзіне салған болуы мүмкін оқ жарақатынан қайтыс болды.
Полиция атушының жәбірленушілермен қарым-қатынасын тергеп жатыр. Нұсқалардың бірі бойынша, бұл мақсатты шабуыл болған, себебі жәбірленушілер оқ атқан адамды таныған.
Осыған дейін Канадада мектепте атыс болып, он адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ал 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың Браун университетіндегі атыс кезінде екі адам қаза тапқан.