АҚШ-та өрт кезінде болған атыстан екі өрт сөндіруші қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Айдахо штатында өртті сөндіру кезінде белгісіз біреу өрт сөндірушілерге оқ атып, екі қызметкер қаза тапты, тағы бірі жараланды. Шабуыл ұйымдастырған адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Anadolu.

Өрт Айдаходағы Кёр-д’Ален қаласының жанындағы Кэнфилд тауы аумағында орналасқан табиғи саябақта белгісіз себеппен тұтанған. Жалын 25 орманды жерге, соның ішінде жаяу және велосипед жолдарына тараған.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жұмылдырылған. Өртті сөндіру барысында белгісіз адам оларға оқ жаудырған. Оқиға орнына жергілікті полиция келген.
Айдахо штатының губернаторы Брэд Литтл қаза тапқандарды «ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер» деп атап, жергілікті тұрғындарды оқиға болған аумақтан аулақ болуға шақырды.
Кейінірек АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік жөніндегі министрі Кристи Ноэм оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де оқ астында қалғанын хабарлады. Аймаққа FBI мен арнайы мақсаттағы SWAT жасағының қосымша бөлімшелері жіберілген.
Кутеней округінің шерифі Роберт Норрис мәлімдегендей, операция аяқталған соң таулы аумақтан қарулы ер адамның мәйіті табылған.
Алдын ала деректер бойынша, екі өрт сөндіруші қаза тауып, біреуі жараланған. ABC News телеарнасының хабарлауынша, тергеу барысында әдейі өрт қою нұсқасы да қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Измир әуежайы орман өртіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқанын жаздық.