АҚШ-та Трамп бейнеленген 250 долларлық купюра шығарылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қаржы министрлігі елдің қазіргі президенті Дональд Трамп бейнеленген 250 долларлық жаңа банкнотаны шығаруға дайындалып жатыр.

п
Видеодан алынған скрин

NBC News мәліметінше, бастама жүзеге асуы үшін алдымен Конгресс тірі адамдардың бейнесін банкноталарға орналастыруға рұқсат беретін заң жобасын мақұлдауы қажет.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент ведомствоның мұндай банкноталарды басып шығаруға дайын екенін мәлімдеді.

– АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған банкнотада ел президентінің бейнеленуінен ешқандай оғаштық көріп тұрған жоқпын, – деді Скотт Бессент.

Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі қағаз ақшада Дональд Трамптың қолтаңбасы орналастырылатынын хабарлаған болатын.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай қабылданған.

Сондай-ақ бұған дейін АҚШ-тың Бейнелеу өнері жөніндегі комиссия елдің 250 жылдығына арнап Дональд Трамптың бейнесі қашалған 24 караттық естелік алтын монетаны шығару туралы ұсынысты қолдағаны хабарланған.

Алайда аталған дизайн да әзірге Қаржы министрлігінің түпкілікті мақұлдауын алған жоқ.

Айта кетейік, Сенат Трамптың Ақ үйдегі бал залына қаржы бөлу туралы заң жобасын қабылдамады.