АҚШ-та ұзақ уақытқа созылған шатдаун аяқталуға жақын: Өкілдер палатасы бюджет туралы заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Өкілдер палатасы cәрсенбі күні кешкt бюджет туралы заң жобасына дауыс берді, осылайша федералды үкіметтің жұмысы рекордтық 43 күндік тоқтағаннан кейін қайта басталды, деп хабарлайды BBC. 

АҚШ-та ұзақ уақытқа созылған шатдаун аяқталуға жақын
Фото: Canva

Жобаны Өкілдер палатасының 222 мүшесі қолдады, оны мақұлдау үшін көпшіліктің дауыс беруі ғана қажет болды. Бюджет жобасы бұған дейін АҚШ Сенатында мақұлданған болатын. 
Палатаның қазіргі құрамныда республикашылдар 219 орынға, ал демократтар 214 орынға ие (барлығы 433 орын, оның екеуі қазіргі уақытта бос). Осылайша, қарапайым көпшілік 217 дауысты құрап отыр.

Алайда, сәрсенбі күні кешке палатада Конгрестің төрт мүшесі болған жоқ: үш республикашыл және бір демократ. Бұл бюджет жобасын қабылдау үшін қажетті шекті 215 дауысқа дейін төмендетті, бірақ ол ақырында артығымен еңсерілді. Бұл құжатты тек 216 республикашыл ғана емес, сонымен қатар алты демократ қолдағандықтан мүмкін болды. Бұл ретте Республикалық партияның екі мүшесі және 207 демократ оған қарсы дауыс берген.
Өкілдер палатасының дауыс беруінен кейін бюджетке АҚШ президенті Дональд Трамп қол қоюы тиіс. Ол мұны жақын арада жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Осыдан кейін үкімет жұмысын қайта бастайды және АҚШ тарихындағы ең ұзақ уақытқа созылған шатдаун аяқталады. Алдыңғы рекорд президент Трамп тұсында орнатылған, бірақ бұл оның бірінші мерзімі кезінде болды. 

Шатдаун аяқталған соң не өзгереді

Сәрсенбіде қабылданған бюджет заң жобасы федералды үкіметке тағы екі айдан астам уақыт, яғни 2026 жылдың 30 қаңтарына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қабылданған бюджет жобасы барлық федералды департаменттер мен агенттіктердің жұмысын қайта бастайтынына және 2026 жылдың 30 қаңтарына дейін қаржыландырылатынына кепілдік береді. Бұл сондай-ақ жұмысты тоқтату салдарынан федералды қызметкерлерді жұмыстан босату және жұмыстан шығару тоқтатылатынын білдіреді.

Демалысқа жіберілген немесе жұмыстың тоқтатылуына байланысты жалақысыз жұмыс істеуге мәжбүр болған жұмысшыларға (мысалы, әуе диспетчерлері) бұрын жалақы кейіннен төленетін. 

Осы күзде шатдаунға байланысты тоқтатылған кейбір бағдарламалар, соның ішінде аз қамтылған отбасыларға арналған SNAP азық-түлік бағдарламасы, келесі қаржы жылының соңына дейін немесе 2026 жылдың қыркүйегіне дейін қабылданған бюджет есебінен қаржыландырылады. Егер осы уақыт ішінде үкіметтің жұмысы тағы тоқтатылса, бұл оларға әсер етпейді.

АҚШ-та ұзаққа созылған шатдаун экономика мен жаһандық тұрақтылыққа қалай әсер еткенін мына материалдан оқи аласыз. 

Соңғы жаңалықтар