АҚШ-та жаппай атыс дерегі бойынша 24 жастағы күдікті қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Миссисипи штатында алты адамның өліміне әкелген жаппай атысқа күдікті ретінде 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы BBC хабарлайды.

полиция, США, Америка
Фото: usa_shka / instagram

Билік өкілдерінің мәліметінше, күдікті өз әкесін, туған ағасын, туысын, жеті жастағы немере қарындасын, шіркеу пасторын және пастордың ағасын өлтірген. Атыс жұма күні кешке ауылдық жерде орналасқан үш түрлі мекенжайда болған.

Associated Press хабарлауынша, күдікті Дарика Мурды полиция патрулі көп ұзамай ұстаған. Сенбі күні ол кепілдіксіз қамауға алынып, Уэст-Пойнт қаласындағы түрмеге қамалды.

Клей округінің прокуроры журналистерге берген мәлімдемесінде бұл іс бойынша өлім жазасын сұрататынын айтты. Қазіргі уақытта тергеушілер күдіктіден жауап алып жатыр, алайда оның қылмысқа баруына не түрткі болғаны әзірге белгісіз.

NBC News деректеріне сәйкес, тергеу барысында Мур алдымен 67 жастағы әкесін, 55 жастағы ағасын және 33 жастағы туған ағасын атып өлтіргені анықталған. Кейін ол ағасының жүк көлігін айдап кетіп, басқа үйде жеті жастағы қызды атып өлтірген. Үшінші мекенжайда, шерифтің айтуынша, жергілікті шіркеудің пасторы мен оның ағасы бастарынан атылып қаза тапқан.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та шекарашылар оқ атып, екі адам жараланғаны туралы хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар