Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ-та жылдық инфляция 3,4%-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, шілде айында тұтыну бағаларының индексі алдыңғы аймен салыстырғанда 0,1%-ға, ал былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,4%-ға өсті, деп хабарлайды FOX Business.

Инфляция в США
Фото: fpmarkets.com

Соңғы жылдардағы жоғары инфляция америкалық отбасылардың басым бөлігіне айтарлықтай қаржылық қысым түсіріп отыр. Тұрғындар азық-түлік пен тұрғын үйді жалға алу секілді күнделікті қажеттіліктерге бұрынғыдан көбірек қаражат жұмсауға мәжбүр. Бағаның өсуі әсіресе табысы төмен америкалықтарға ауыр тиіп отыр, өйткені олардың кірісінің басым бөлігі бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсалады.

Шілдеде энергия тасымалдаушылардың бағасы бір айда 1,5%-ға төмендегенімен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға жоғары болды.

– Шілде айында бензин бағасы 2,9%-ға төмендеді, алайда бір жыл бұрынғыдан 24,6%-ға жоғары күйінде қалды. Электр энергиясының құны бір айда 0,1%-ға, бір жылда 4,2%-ға өсті, – делінген мәліметте.

Азық-түлік маусым айымен салыстырғанда 0,1%-ға, ал бір жыл ішінде 3%-ға қымбаттады.

Ет, құс еті және балық бағасының индексі бір айда 0,7%-ға төмендегенімен, 2025 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өсті. Бұған көбіне сиыр және бұзау еті бағасының бір жылда 9,4%-ға қымбаттауы әсер еткен.

Жұмыртқа бағасы бір айда 0,5%-ға, ал өткен жылмен салыстырғанда 25,7%-ға төмендеді. Бұл құс тұмауы өршігеннен кейін құс санының біртіндеп тұрақтануымен байланысты.

Жеміс-жидек пен көкөніс бағасының индексі бір айда 0,1%-ға төмендеп, жылдық есепте 5,1%-ға өсті. Шілдеде циклоспороздың таралуына байланысты салат бағасы 16,4%-ға арзандағанымен, бір жыл ішінде 7,5%-ға қымбаттаған.

Тұрғын үй бағасы шілдеде 0,1%-ға, бір жылда 3,2%-ға өсті. Жалға алушылар мен үй иелерін сақтандыру құны бір айда 0,1%-ға төмендегенімен, 2025 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға артқан.

Көлік қызметтерінің құны шілдеде 0,3%-ға, жылдық есепте 2,9%-ға өсті. Әуе билеттері бір айда 2,2%-ға, ал бір жылда 25,5%-ға қымбаттады.

Шілде айындағы тұтыну бағалары индексі туралы есеп АҚШ Федералдық резерв жүйесінің келесі ақша-кредит саясаты отырысына қатысты болжамға да әсер етті. Енді трейдерлер пайыздық мөлшерлеме қазіргі деңгейде сақталады деген болжамға көбірек бейім.

CME FedWatch мәліметінше, нарық мөлшерлеменің қазіргі 3,5-3,75% мақсатты дәлізінде қалу ықтималдығын 61,9% деп бағалап отыр.

Айта кетейік, АҚШ-та бензин қымбаттап, маусымдық рекорд жаңарды.