АҚШ-тағы қарлы дауыл салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы дауылдың салдарынан ел көлемінде көлік қатынасы бұзылып, әуе рейстері тоқтап және электр қуаты өшіп қалды. Арктикалық ауа легі төмен температуралардың сақталуына ықпал етіп отыр, деп хабарлайды Еuronews

АҚШ-тағы қарлы дауыл салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты
Фото: euronews

Қалың қар жауып, аяз күшейді. Қаһарлы қыс АҚШ аумағынан кетер емес. Метеорологтар қар мен мұз басқан өңірлерде арктикалық ауаның жаңа толқыны температураны одан әрі төмен деңгейде ұстап тұратынын ескертті.

Питтсбург қаласының солтүстігіндегі аудандарда 50 сантиметрге дейін қар жауған, ал желдің әсерін есептегендегі температура минус 31 градус Цельсийге дейін төмендеді.

Метеорологтардың мәліметінше, алдағы демалыс күндері шығыс жағалауға тағы бір дауыл соғуы мүмкін.

Қолайсыз ауа райы шамамен 200 миллион америкалыққа әсер етті. Табиғи апат салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты. Жүздеген мың адам әлі де электр қуатынсыз отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бірнеше күнге созылады.

Дауылдың салдары ең көп тиген штаттар — Теннесси, Луизиана, Техас және Миссисипи.

— Қазіргі уақытта ел бойынша 750 мың үй электр қуатынсыз қалып отыр. Оның бестен бірінен астамы, яғни 20 пайыздан көбі — осы Миссисипиде. Бір кезде электрсіз қалған үйлер саны 180 мыңға жеткен еді. Қазір бұл көрсеткіш 150 мыңға дейін азайды, — деді Миссисипи штатының губернаторы Тейт Ривз.

Арканзастан Жаңа Англияға дейінгі аумақта жауған қалың қар көлік жүйесінің жаппай істен шығуына және мектептердің жабылуына себеп болды.

Соңғы үш күнде ішкі және халықаралық бағыттар бойынша шамамен 16 мың әуе рейсі тоқтатылды. Мыңдаған рейс кешіктірілді. Әуе қатынасындағы бұл іркіліс ауқымы жағынан COVID-19 пандемиясынан бергі ең ірісі болды. 

Айта кетелік АҚШ-тағы қарлы боран әуе рейстерін кешіктіріп, мыңдаған үйді жарықсыз қалдырды

Соңғы жаңалықтар
Референдум