АҚШ-тағы митингілер: Вашингтон күш көрсетсе, Калифорния төзімділік көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Алпауыт Америка бірнеше күннен бері бұлқынып тұр. Трамп билігінің иммиграциялық саясатына қарсы наразылықтар үдеді. Осыны ескеріп, Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы мұхиттың арғы бетіндегі жағдайды сарапшылармен бірге талдап көрді.

США протесты
Фото: Kazinform / Freepik / Anna Moneymaker / Getty Images

Наразылықтар қалай басталды?

Алдымен 6 маусымда Лос-Анджелесте АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің (ICE) рейдтеріне қарсы наразылық басталған еді. Себебі рейд кезінде құжаты жоқ 118 адам ұсталған. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер басында кішігірім қарсылық шараларын өткізген, бірақ көп ұзамай жиналғандар көшеде бүлік шығарды. Демонстранттар Лос-Анджелес полиция департаменті және ICE күштерімен қақтығысқан.

Бір күннен кейін, 7 маусымда наразылыққа шыққандар Парамаунт және Комптон аудандарында федералдық күштермен соқтығысты. Жағдайдың шиеленісуіне жауап ретінде Президент Дональд Трамп АҚШ кодексінің 12406-тарауына сәйкес, қалаға 300 әскери қызметшіні жіберді.

Ал Қорғаныс министрі Пит Хегсет Теңіз жаяу әскерлері корпусы «зорлық-зомбылық жағдайына» дайын екенін мәлімдеді. Ондаған демонстранттар тұтқындалып, құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкері мен наразылыққа қатысушылар жарақат алды.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом иммиграциялық саясатты жүзеге асырып жатқан ICE әрекеттерін айыптап, олардың ісін «адамгершілікке жатпайды» деп атады және Лос-Анджелесте Ұлттық гвардияның сап түзегеніне алаңдап, оны «шиеленісті күшейтетін қасақана арандатушылық» деп мәлімдеді.

Лос-Анджелестің мэрі Карен Басс та федералдық биліктің әрекеттерін сынға алып, «зорлық-зомбылық пен қиратуға жол берілмейді және кінәлілер жауапқа тартылады» деп хабарлаған.

Президент Дональд Трамп болса TruthSocial әлеуметтік желісінде жоғарыда аты аталған Ньюсом мен Бассты «біліксіз» және «өз жұмысын атқара алмайды» деп сынаған жазба жариялады.

9 маусымдағы жағдай бойынша, рейдке қарсы акциялар кезінде Лос-Анджелесте 56 адам тұтқындалған. Жақында билік қалаға тағы 700 теңіз жаяу әскері мен 2 мың ұлттық гвардияшыны жібермек.

Ұлттық гвардияны наразылықтарды басу үшін пайдаланып, жиналғандарға әскердің күш қолдануын жергілікті билік пен құқық қорғаушылар айыптап, сынап жатыр.

Себеп пен салдары

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, АҚШ кейінгі 100-120 жылда мигранттар ағыны бойынша әлемде бірінші орында тұрған ел.

– Мигранттардың ағыны шамадан тыс артып, елдің мәдени кодына қатер төндіріп, шектен асып кеткенде, ол экономикаға, саяси және құқықтық жүйеге де әсер ете бастайды, – деп атап өтті.

Газиз Абишев
Фото: Kazinform

 

Бұл жерде бір заңдылықты байқауға болады: егер жүз мыңдаған мигрант құқықты түсінетін елден келіп, алайда Американың құқықтық менталитетімен таныс болмаса, ерте ме, кеш пе – мемлекеттік жүйеге қарай әрекет ете бастайды.

– Осы жайт Калифорнияда, Нью-Йорк қаласындағы тәуелсіз бақылаушылардың мысалында көрсетілген. Америка жалпы көші-қонды тоқтатпайды, бірақ қазір Батыс Еуропаны да қирата алатын және Штаттарға сыни соққы бере алатын бақылаусыз, заңсыз көші-қонды жеңуге тырысып отыр, – деп есептейді сарапшы.

Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Азамат Байғалиев Лос-Анджелестегі наразылықтарға қатысты жағдайды тым тосын деп бағаламайды. Өйткені экс-президент Джордж Буш бұл қалада 1992 жылы да осылай тәртіпсіздіктер өршіп тұрғанда федералдық күштерді кіргізген. АҚШ-тың көптеген қаласында BLM наразылықтары кезінде де азаматтық және құқық қорғау органдары тарапынан күш қолдану байқалды.

– Калифорния өзінің наразылық субмәдениетімен танымал, мәселе құқық пен бостандыққа қатысты болса, адамдар тез жиналады. Сондықтан мен бұл наразылықтарды шамадан тыс эмоциялық тұжырымдаудан бас тартар едім. Екінші жағынан, Калифорния әрқашан әлемдегі ең мықты экономикалардың бірі, өзінің саяси ұстанымы және экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуға деген өте либералды көзқарасы бар, ерекше әрі орталық басқарудан тәуелсіз штат болған, – деді саясаттанушы.

Байғалиев атап өткендей, мемлекеттік бюджеттің ірі доноры болып отырған бұл штаттың федералдық шешімдерге ықпалының артуы – биліктегі элитаны сескендіреді. Сондықтан қазіргі дағдарысты құндылықтар мен символдық белгілердің күресі деп атауға болады.

– 2 мың гвардияшы мен жүздеген теңізшіні қала көшелеріне жіберу – биліктің айтарлықтай батыл әрекеті емес. Өйткені Лос-Анджелес сияқты үлкен қала үшін 2-3 мың адам теңіздегі тамшы іспетті. Калифорниядағы көшіп-қонушылардың бизнес пен әлеуметтік қарым-қатынастарға қаншалықты ықпалы бар екенін ескерсек, аз әскермен тыныштандыру туралы сөз болмауы керек. Бұл – мәселені шешу жолы емес, жай Вашингтонның қысымы ғана, – дейді А.Байғалиев.

Дегенмен саясаттанушы жағдайдың шиеленісуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

эксперт Азамат Байгалиев
Фото: Азамат Байғалиевтің жеке мұрағатынан

 

Жағдайдың саяси негізі

Наразылық кезінде саяси қарсылықтар да байқалуда. Мәселен, Калифорнияның губернаторы Гэвин Ньюсом - қазір АҚШ-тың ең ықпалды және харизмасы бар демократтарының бірі. Оның кандидатурасы өткен президент сайлауында Дональд Трампқа қарсылас ретінде қаралды. Бірақ сайлауға Камала Харрис түсті.

– 2028 жылы-ақ Ньюсом демократиялық күштердің тұғырында отырады. Сондықтан Трамптың Калифорнияға соққы беруі – тек сайлауалды уәделерін орындау ғана емес, алда өзіне қарсылас болатын адамның мықтылығын бір тексеріп көру. Егер Ньюсом мәлімдемелерінде батылдық көрсетсе, Ақ үй Калифорнияны жайына қалдырады деп сенемін, – дейді Азамат Байғалиев.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев болса, бұл жерде рационалды және ақылға сыйымсыз фактілер көріп тұрғанын айтады: Біріншіден, Трамп өз сайлаушыларына көші-қон мәселелерін шешуге уәде берді, бұл оның саяси беделінің бір бөлігі еді. Алайда екінші жағынан қарасақ, Трампқа шын мәнінде оңтүстік штаттардың күрделі көші-қон қысымына түскені керек.

– Негізі екі тарап та АҚШ заңына бейжай қарап, қылмыс жасайтын есірткі бандалары, адам ұрлаушылар, заңсыз көшіп-қонушылар елде болмағанын қалайды, – деп толықтырды сарапшы.

Әлдебір қатал мемлекеттер секілді репрессиялық акциялар арқылы наразылықты басып тастауға болар еді. Бірақ АҚШ – құқықтық мемлекет, бұндай қадамға бармайды. Сондықтан заңсыз көші-қонмен күресуге мәжбүр.

– Америкада нағыз қылмыскерлермен қатар, адал, тыныш және заңға мойынсұнатын мигранттар да шабуылға ұшырайды. Осындай қарама-қарсы жақтары да бар. Бәрін қуа алмайды. Қақтығыстың мәні мынада: мигранттардың белгілі бір бөлігін азайту керек. Дегенмен оны жасау мүмкін болмаған соң, Трамп жағы «бәрін қуып жіберу керек» деп ұсынады, ал Калифорния тарапы «бәрін алып қалу керек» дейді. Екі көзқарастың айырмашылығы – осы, – деді Әбішев.

Наразылықтар долларға әсер ете ме?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жағдай долларға әсер етпейді деп сенеді.

доллар
Фото: pexels.com

 

– Доллар әлемдік валюта болып саналады. Белгілі бір мағынада валюта АҚШ-тың әлемдегі жағдайына байланысты. Доллар күшті, себебі АҚШ та күшті. Бірақ доллар Американың дипломатиялық, экономикалық ықпалымен және оның индустриялық қуатымен өлшенеді. Сондықтан бұл ішкі жағдай долларға ешқандай әсер етпейді, – деп атап өтті сарапшы.

Бұл пікірді экономист Әнуар Нұртазин де қолдап отыр.

– ФРЖ деректері бойынша, АҚШ халқының 50%-ында тіпті 2000 доллар да жоқ. Бұл АҚШ-тағы тұтынушылардың жартысынан көбі тек жинақ ақшаны пайдалана отырып, 2000 доллар көлеміндегі шұғыл шығындарды жаба алмайтынын білдіреді. Оның үстіне, ФРЖ-ның 2024 жылғы 4-тоқсандағы сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың үштен бірі тіпті 500 доллар шығынын да өтей алмайды. АҚШ тұрғындарының көпшілігінде жинақ ақша жоқ. Ірі көтерме валюта саудасын банктер, трейдерлер, капитал иелері жүргізеді. Және бұл наразылықтар оларға еш әсер етпейді. Сәйкесінше, долларға да еш қауіп төндірмейді, – деп түсіндірді маман.

Ануар Нуртазин, экономист
Фото: Әнуар Нұртазиннің жеке мұрағатынан

 

Демократия шайқалды ма?

Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Азамат Байғалиев көшіп-қонушыларды күштеп тарихи отанына жөнелту арқылы мәселені шешу мүмкін емесін алға тартады.

– Мұндай жағдайда Вашингтонға Калифорния халқының жартысынан көбін елден шығаруға тура келеді. Көші-қон дағдарысын шешу үшін зорлық-зомбылық қолданатын жеке рейдтер емес, жүйелі шаралар қажет. Бірақ Трамптың бір мерзімдік билігімен ондаған жылдар бойы тарқамаған түйінді шешу мүмкін емес, – деп нақтылады сарапшы.

Әйтсе де саясаттанушы Ғазиз Әбішев көші-қон саясатын қатаңдату АҚШ-қа пайда әкелуі мүмкін деп санайды.

– Әрине, Құрама Штаттар өте берік. беріктігі зор. Мәдениеті күшті, тіпті, әлемдегі ең нық массалық мәдениет. Келгендерді өзіне тез сіңіреді. Бірақ оны бір ұлттың екінші ұлтты құлға айналдыруы деп түсінбеу керек. Дегенмен тәртіп орнатып, көші-қонды реттеу, еңбек нарығын тұрақтандыру үшін иммиграциялық саясаты тиімді болуы мүмкін, – деді ол.

АҚШ
Фото: freepik.com

 

Мысал ретінде сарапшы Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты көші-қонды бақылау позициясында тұрған және көші-қон мәселелерін қатаң шешетін дамыған елдерді атады.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, қазіргі наразылықтар тағы да біраз уақытқа созылады.

– Трамп әкімшілігі бұрынғы іс-әрекетін жалғастыра берсе, қарсылық қайта өршуі мүмкін. Республикашылдар көші-қонға қатты қарайды, ал демократтар бұл мәселеге жұмсақ. Осылай саяси тербелістер жалғаса береді, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, қақтығыс 2026 жылдың күзінде өтетін аралық сайлауда және 2028 жылғы президенттік сайлауда бұл қақтығыс Трампқа қарсы электораттың қозғалуына әкелуі мүмкін.

– Бірақ бұл факторды жалғыз шешуші санауға болмайды. Трамптың мұрагерлігіне кім ұсынылады, олар қандай саясат ұстанады, басты тезистері ретінде не айтады, оларға қарсы демократтар жағынан кім ұсынылады – бәрі осыған байланысты. Немесе мүлде басқа кандидат пайда болса да таңғалмаймыз, – дейді Ғ.Әбішев.

Сонымен, Лос-Анджелестегі наразылықтар тек қатаң көші-қон рейдтеріне қарсы емес, терең өркениет қақтығысын ашып отыр. Бұл – федеративті, консервативті, бақылауға ұмтылатын және либералды, автономды, көпұлтты, федералдық қысымға қарсы тұратын екі түрлі Американың қақтығысы.

Вашингтон күш көрсетсе, Калифорния төзімін көрсетеді. Бірақ тараптар саяси ымыраға келмесе, АҚШ ұзаққа созылған тұрақсыздыққа тап болуы мүмкін. Билік пен бірегейлік үшін күресте күшейіп келе жатқан бұл саяси толқулар америкалық жүйенің тұрақтылығын шайқауы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар