АҚШ-тағы тәртіпсіздікті реттеу үшін 20 мыңнан астам әскери қызметкер жұмылдырылды

АСТАНА.KAZINFORM — Пентагон бүкіл АҚШ аумағында азаматтық тәртіпсіздіктерді басу туралы Дональд Трамптың бұйрығын орындау мақсатында Ұлттық гвардияның 20 мыңнан астам әскери қызметшісін даярламақ, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Guardian-ға сілтеме жасап.

АҚШ-тағы тәртіпсіздікті реттеу үшін 20 мыңнан астам әскери қызметкер жұмылдырылды
Фото: https://ru.wikipedia.org/wiki/Пентагон

АҚШ-тың 50 штатының, Колумбия округінің және елдің барлық аумақтарының Ұлттық гвардиялары дубинкалар, қалқандар, электрошокерлер және бұрыш баллондарын қолдануды қоса алғанда, «жаппай тәртіпсіздіктерді басуға» арналған «жылдам әрекет ету күштерін» құрып жатыр.

Жылдам әрекет ету күштерінің саны бойынша шекті көрсеткіштер белгіленді — әр штатта 500 ұлттық гвардия әскери қызметші болады. Жалпы алғанда, ел бойынша 23 500 әскери қызметкер дайындалады.

Пентагон барлық штаттарға және АҚШ-тың барлық аумақтарына, соның ішінде Гуамға дейін, әскери нұсқаушыларды жібереді. Мақсат — жылдам әрекет ету күштерін 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін «жұмысқа қабілетті» күйге келтіру. Әр штатқа сондай-ақ «жаппай тәртіпсіздіктерді басуға арналған 100 жиынтық құрал-жабдық» беріледі.

Бұған дейін АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларының әскери базаларға көше бастағаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар