АҚШ-тағы турнир: Юлия Путинцева жұптық сында ширек финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші жұптық сында Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Юлия Путинцева италиялық Элизабетта Кочареттомен бірге бастапқы кездесуін тайбэйліктер Хао-Чин Чань – Фа-Сянь У-мен өткізді.
Қазақстандық-италиялық жұп 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 14 минутқа созылған бәсекеде Путинцева – Кочаретто эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың алтауын құр жіберген жоқ. Тайбэйлік дуэт 2 брейктен (12 брейк-пойнт) аса алмады.
Юлия Путинцева – Элизабетта Кочаретто жартылай финалға шығу үшін грузиялық Екатерина Горгодзе – мексикалық Рената Сарасуамен таласады.
Қазақстандық спортшы мұның алдында жекелей сында әлемнің бесінші, жарыстың 1-ракеткасы Джессика Пегуладан үш сағаттан астам уақытқа созылған ойында жеңіліп қалған еді. Дегенмен ол жұптық сында жарыс жолын жалғастырады.
Путинцева АҚШ-тағы аталмыш додадан кейін 10-11 сәуірде Астанада Билли Джин Кинг кубогы аясында өтетін Қазақстан – Канада матчында ел намысын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Чарльстон турнирінде Путинцеваның жарыстың 1-ракеткасымен триллерге татитын матч өткізгенін жазған едік. Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарыстың ширек финалына шықты.