Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қазір бұрын-соңды болмаған деңгейде нығайды — АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда БАҚ өкілдерімен АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфманның кездесуі өтті.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастың болашағы туралы айтты
Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Кездесу барысында дипломат журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары туралы айтты.

Питер Кауфман екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, әсіресе сауда-экономикалық байланыстардың артқанына тоқталды.

— Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қазір бұрын-соңды болмаған деңгейде нығайды. Әсіресе екі ел арасындағы коммерциялық байланыстың дамуын атап өтуге болады. Бұл бағыт жоғары қарқынмен дамып келеді, — деді Бас консул.

Оның айтуынша, соңғы бір жылда америкалық және қазақстандық компаниялар арасында 17 миллиард долларға келісімдер жасалған. Ал екіжақты сауда көлемі 7 миллиард долларға жеткен. Дипломаттың сөзінше, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары.

— Америкалық компаниялар Қазақстан экономикасына инвестиция салған алғашқы шетелдік инвесторлардың қатарында болды. Соңғы 35 жылда олар 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды, — деді ол.

Қазір Қазақстанда шамамен 600 америкалық компания жұмыс істейді.

Питер Кауфман көлік және логистика, жасанды интеллект және сирек кездесетін металдар бағытының болашағы мол екенін айтты. Оның айтуынша, америкалық компаниялар пайдалы қазбаларды өндіру саласына үлкен қызығушылық танытып отыр.

Ол америкалық компаниялардың Қазақстанға заманауи технологиялар мен жабдықтар, корпоративтік басқарудың және қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын ұсына алатынын атап өтті. Дипломат авиация саласын да маңызды бағыттардың бірі ретінде атады.
C5+1 форматы аясындағы ынтымақтастық

Кауфман Орталық Азия елдері мен АҚШ-ты біріктіретін C5+1 форматының маңызына тоқталды. Дипломаттың айтуынша, C5+1 аясында коммерциялық сектордағы ынтымақтастық дамып келеді. Ол алдағы уақытта жасанды интеллект мәселелеріне арналған кездесу өтетінін атап өтті.
Консул Қазақстанның өңірлік қауіпсіздік, әлемдік тәртіпті сақтау және бітімгершілік мәселелеріндегі рөліне де тоқталды.

— Америка Құрама Штаттары Қазақстанның бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы көшбасшылық рөлін жоғары бағалайды, — деді Бас консул.

Ол алдағы уақытта Майамиде G20 саммиті өтетінін және оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысатынын айта кетті.
Оның айтуынша, кездесулер барысында экономикалық ынтымақтастық, халық пен компаниялар арасындағы байланыстар, өңірлік қауіпсіздік және жасанды интеллект мәселелері талқылануы мүмкін.

Қазақстандағы алғашқы айлар туралы

Питер Кауфман Қазақстандағы қызметінің алғашқы екі айындағы жеке әсерлерін де бөлісті.

— Отбасыммен бірге өзімізді мұнда өте жайлы сезініп жүрміз. Қазақстан қонақжайлығымен танымал ел, біз де мұны сезіндік. Шетелдіктер үшін өте қолайлы ел. Сол үшін алғысымды білдіремін, — деді ол.

Бас консул отбасымен бірге Үлкен Алматы көліне барып, тауда бірнеше рет серуендеп үлгергенін айтты.

Кауфман қазақ тіліне де қызығушылық танытып жүргенін атап өтті. Қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Ол сөз арасында қазақша сөйледі.

— Қазақ тілі өте қиын тіл. Сонымен бірге ерекше әдемі тіл. Оның өзіндік құрылымы мен сингармонизм заңы бар. Мен сияқты тілді енді ғана үйреніп жүрген адамдар үшін бұл қиын. Бірақ сонысымен де ерекше, — деді дипломат.

Еске салсақ, АҚШ Президенті арнайы өкілі арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің құттықтауын жолдаған еді.