АҚШ-тың баж салығы Қазақстан қор биржасына қалай әсер етеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 25% баж салығын енгізу жөніндегі мәлімдемесіне байланысты Қазақстан қор биржасының (KASE) басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов пікір білдірді.

Дональд Трамп
Фото: Carlos Barria

Бұл туралы KASE басшысы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында биржа нарығының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

— Егер сауда динамикасына қарайтын болсақ, сауда қорытындысы бойынша айтарлықтай өзгерісті байқаған жоқпыз. Дегенмен, бұл тарифтердің экономикаға ықпалын нақтырақ талдап көрген жөн шығар, сонда алдағы уақытта оның әсері түсінікті болады. Қазіргі таңда нарық осы жағдайды зерделеу кезеңінде тұр деп ойлаймын, — деді ол.

Қазақстан қор биржасының (KASE) деректеріне сәйкес, жыл басынан бері KASE индексі 7,9 %-ға өсіп, 6 018,56 сатыға жеткен. Акциялар нарығының капитализациясы 3,4%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге артып, 34,0 трлн теңгеге жеткен.

Еске салайық, АҚШ президенті ресми Астанаға Қазақстан тауарларына 25 пайыздық баж салығын енгізгені туралы хат жолдаған болатын. Дәл осындай баж Жапония мен Оңтүстік Корея тауарларына да салынып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар