АҚШ-тың баж салығына жауап ретінде ЕО қарсы шаралар тізімін бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күні Еуропалық Одақ елдері АҚШ-тың баж салығына жауап ретінде жалпы көлемі шамамен 93 миллиард еуроны құрайтын қарсы шараларды қабылдауға келісті, деп хабарлайды Euronews.

АҚШ-тың баж салығына жауап ретінде ЕО қарсы шаралар тізімін бекітті
Фото: freepik

Аталған шаралар 7 тамызда күшіне енеді, егер Вашингтон мен Брюссель осы уақытқа дейін келісімге келе алмаса.

ЕО-ға мүше елдер АҚШ-тың сауда шектеулеріне қарсы Еурокомиссия ұсынған жауаптық баж салығы тізімін мақұлдады. Бұл шешімге Венгрия ғана қарсы дауыс берді.

Тізімге сәуір айының басында қабылданған алғашқы шаралар топтамасы енгізілген. Ол ұшақтар, автокөліктер мен олардың қосалқы бөлшектері, апельсин шырыны, құс еті, соя бұршақтары, болат пен алюминий, яхталар сияқты тауарларды қамтиды.

Франция мен Ирландия тарапынан АҚШ-тың шараларына жауап ретінде шара қолдану қауіпінен қорыққанына қарамастан, бурбон тізімге енгізілді. Олар әсіресе шарап және басқа да спирттік ішімдіктерге қарсы АҚШ-тың ықтимал жауабы үшін алаңдаушылық білдірді. Еурокомиссия бұл тізімді мүше елдерге ұсынбас бұрын, ЕО-дағы өнеркәсіп өкілдерімен кеңескен болатын.

Қарсы шаралар АҚШ-пен келісімге қол жеткізілмеген жағдайда ғана күшіне енеді. Бұл келіссөздер үшін соңғы мерзім ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамызды белгілеген. Ол ЕО-дан келетін импортқа 30 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр.

Қысымға қарсы құрал

ЕО елдері сондай-ақ, егер келісім жасалмаса, АҚШ-тың қызмет көрсету саласына қарсы шара қолдануға мүмкіндік беретін қысымға қарсы құралды іске қосуға дайын екенін білдірді.

Германия бұл «сауда базукасын» қолдануға ұзақ уақыт бойы қарсы болып келген еді, алайда қазір ол осы құралдың бұрыннан қолдаушысы болып келген Франция жағына шықты.

Сәрсенбі күні Германия канцлері Фридрих Мерц пен Франция президенті Эммануэль Макрон арасында өткен кездесуден кейін Елисей сарайындағы дереккөз олардың ЕО мен АҚШ арасындағы келіссөздер бойынша ортақ көзқарасқа келгенін мәлімдеді.

— Олар ЕО мүддесінің сақталуын қамтамасыз ететін келіссөздердің оң нәтижесі болады деген үмітін білдірді. Сонымен қатар, келісімге қол жеткізілмеген жағдайда қолданылатын қарсы шараларды, оның ішінде қысымға қарсы құралды Еурокомиссиямен үйлестіре отырып, жедел жүзеге асыру қажеттігін атап өтті, — деді дереккөз. 

Бұған дейін хабарланғандай, Дональд Трамп басшылық ететін АҚШ ЕО-дан келетін болат пен алюминийге 50 пайыздық, автокөліктерге 25 пайыздық, ал басқа барлық импортқа 10 пайыздық баж салығын енгізген болатын.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Еуропалық Одақтан келетін тауарларға 30 пайыздық баж салығын енгізу жоспарда бар, егер сол уақытқа дейін сауда келісімі жасалмаса.

Айта кетелік Еуропалық Одақ АҚШ-тан энергетикалық ресурстар сатып алуға міндетті болатыны туралы жазған едік 

Соңғы жаңалықтар