АҚШ-тың бірқатар штатында «Ферн» дауылына байланысты төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та кейінгі 100 жылда болмаған қуатты «Ферн» дауылы соғып жатыр, деп хабарлайды DW.
Басылым мәліметінше, АҚШ аумағының едәуір бөлігін басқан «Ферн» дауылы салдарынан 13 мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылған. Боран, қар мен жаңбыр кем дегенде бірнеше күн жауып тұрады деген болжам бар.
24 қаңтардың кешіне қарай табиғаттың тосын мінезінен 139 мыңнан астам тұтынушыны жарықсыз қалды, бұл көрсеткіш өсіп келеді. Электр жарығы басым бөлігі Техас пен Луизиана штаттарында өшкен. Нью-Йорк көшелерінен ауа райының кесірінен қаза тапқан үш адамның мәйіті табылды: жасы 67-дегі және шамамен 30 жастағы ер адам, сондай-ақ егде жастағы әйел.
Қолайсыз ауа райына байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Каролина, Вирджиния, Теннесси, Джорджия, Солтүстік Каролина, Мэриленд, Арканзас, Кентукки, Луизиана, Миссисипи, Индиана және Батыс Вирджиния штаттарында федералдық деңгейде төтенше жағдай режимін енгізд. Мемлекет басшысы азаматтарды қауіпсіздік пен жылуды сақтауға шақырды.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегіне сүйенсек, аса күрделі метеорологиялық жағдай кемінде 17 штатта және Колумбия округінде қалыптасқан. Ал 12 штатта дауыл салдарын жоюға Ұлттық гвардияның бөлімшелері жұмылдырылды.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі «Фернді» «ерекше ауқымды әрі ұзаққа созылатын қысқы дауыл» деп атады. Синоптиктер оның салдарынан елдің оңтүстік-шығысында қалың мұз қатып, жекелеген аймақтарда апатты жағдайлар болуы мүмкін екенін ескертті.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани билік кемінде 20–23 сантиметр қар түсіп, қаңтардың соңына дейін созылатын аяз болады деп күтетінін мәлімдеді.
Алдын ала болжам бойынша, дауыл салдары АҚШ-тың 220 миллионнан астам тұрғынына тікелей немесе жанама түрде әсер етуі ықтимал.
Еске сала кетейік, осыған дейін Францияда «Горетти» дауылы салдарынан 92 мың үй жарықсыз қалғаны туралы жаздық.