АҚШ-тың Гренландияны бақылауына қарсы елдерге баж салығы енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп АҚШ-тың Гренландияға қатысты ұстанымын қолдамайтын елдерге кедендік баж салығын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
– Егер елдер Гренландия мәселесінде АҚШ-ты қолдамаса, оларға баж салығын енгізуім мүмкін. Себебі Гренландия бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Сондықтан мен осылай әрекет ете аламын, – деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар ол өзін «баж салығының королі» деп атады.
Гренландияға қатысты бұл мәлімдеме АҚШ Конгресінің екі партия өкілдерінен құралған делегациясының Дания астанасы Копенгагенге сапары аясында айтылды. Делегацияның мақсаты – тараптар арасындағы шиеленісті бәсеңдету.
Сондай-ақ Германия «Arctic Endurance» («Арктикалық төзімділік») миссиясы аясында Гренландияға бундесвердің барлау тобын жібергені хабарланды. Әскери қызметшілер Данияның шақыруымен НАТО-дағы серіктес елге әскери қолдау көрсету мүмкіндіктерін, оның ішінде теңіз мониторингі саласындағы әлеуетті зерделеп жатыр. Дат басшылығымен өтетін миссияға Франция, Швеция және Норвегия сарбаздары да қатысуда.
Бұған дейін Дания мен АҚШ Гренландия мәселесі бойынша келісімге келе алмағаны хабарланған болатын.