АҚШ-тың Нью-Джерси штатында 6600 шетелдік сайлаушылар тізіміне қателікпен енгізілген
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Нью-Джерси штатында 2023–2024 жылдары шамамен 6600 АҚШ азаматы емес адам бағдарламалық қамтамасыз етудегі қателік салдарынан сайлаушылар тізіміне қате тіркелген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
Нью-Джерси штатының демократ губернаторы Майки Шеррилл олардың есімдері сайлаушылар тізімінен шығарылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл адамдар өз кінәсінен емес, 2023 жылғы маусым мен 2024 жылғы маусым аралығында штаттың көлік құралдарын тіркеу жүйесіндегі елеулі бағдарламалық қате салдарынан тіркелген.
Шерриллдің айтуынша, аталған азаматтар жүргізуші куәлігі мен жеке куәлікке өтініш берген кезде АҚШ азаматы екендігі туралы сұраққа «жоқ» деп жауап берген. Соған қарамастан, жүйе оларды автоматты түрде сайлаушылар тізіміне енгізген.
Нью-Джерсиде дауыс берген АҚШ азаматтығы жоқ адамдардың саны штаттағы сайлаушылардың жалпы санымен салыстырғанда өте аз болғанымен, бұл жағдай президент Дональд Трамптың АҚШ-тағы сайлауларға көптеген шетел азаматтары қатысады деген мәлімдемелерін күшейтуі мүмкін.
АҚШ президенті Конгресті SAVE America Act заңын қабылдауға шақырып отыр. Бұл заң сайлауға қатысу үшін жеке басын куәландыратын құжаттар мен АҚШ азаматтығын растауға қатысты жаңа талаптарды енгізуді көздейді.
Сейсенбі күні АҚШ Әділет министрінің көмекшісі Хармит Диллон ведомство бұл оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Министрлік 6600 шетел азаматының толық аты-жөні, туған күні, азаматтығы, мекенжайы және тіркелген күні туралы мәліметтерді, сондай-ақ өткен сайлауда дауыс берген 400 адамның дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпаратты сұратқан.
Айта кетейік, 2024 жылы Орегон штатының билігі әкімшілік қателік салдарынан 1200-ден астам шетел азаматының сайлаушылар тізіміне енгізілгенін хабарлаған. Ал 2018 жылы Калифорния билігі шамамен 1500 шетел азаматының қателікпен тіркелуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Осыдан бұрын Дональд Трамп АҚШ сайлауының олқылығы туралы құпия мәліметтерді жариялады.