АҚШ-тың шығыс жағалауына дауыл, нөсер жаңбыр және су тасқыны қаупі төнді
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптаның соңында АҚШ-тың шығыс жағалауында солтүстік-шығыс дауылы қалыптасып, жойқын жел, нөсер жаңбыр мен су тасқынына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі.
Солтүстік-шығыс дауылы – Солтүстік Американың шығыс жағалауында қалыптасатын, желі әдетте солтүстік-шығыстан соғатын дауыл түрі. Мұндай дауылдар жылдың кез келген уақытында болуы мүмкін, алайда қыркүйек пен сәуір аралығында жиі әрі күштірек байқалады. Олар нөсер жаңбыр немесе қар жауып, екпінді жел соғуына, теңізде толқындардың көтерілуіне және жағалауды су басуына әкелуі мүмкін.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің мәліметінше, дүйсенбі күні ауа райы жүйесі Атлант мұхитының орта бөлігіндегі және солтүстік-шығыс штаттарға қарай жылжуына байланысты елдің орталық және шығыс бөліктерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Аппалач таулары мен Атлант мұхитының орта бөлігіндегі аудандарда дүйсенбі және сейсенбі күндері бірнеше мәрте орташа және кей жерлерде қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Бұл жауын-шашын мөлшерінің шамадан тыс көбеюі мен су тасқыны қаупін арттырады. Сондай-ақ АҚШ-тың оңтүстік-шығысы мен Аппалач өңірінің кей жерлерінде қатты найзағай болуы мүмкін.
Ауа райының қалыптасқан жағдайы АҚШ-тың шығыс жағалауында бірнеше күн бойы құрлыққа қарай соғатын қатты желдің тұруына әкелуі ықтимал. Бұл жағалауды су басып, жағажайлардың шайылу қаупін арттырады. Сонымен қатар толық Айдың шығуы теңіздегі су деңгейін көтеріп, жағалаудағы су тасқыны қаупін күшейтуі мүмкін.
Флорида штатының оңтүстігінде де су тасқыны болуы ықтимал. Мұнда ылғалды тропикалық ауа массасы сейсенбіге дейін күн сайын жаңбыр жауып, найзағай ойнауына жағдай жасайды. Ал Нью-Мексико мен Техас штатының батыс бөліктерінде ылғалдың артуы мен атмосфераның тұрақсыздығы кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, су тасқынына әкелуі мүмкін.
Алдағы фронт өткеннен кейін АҚШ-тың солтүстік-орталық және шығыс бөліктерінде ауа температурасы төмендейді. Бұл өңірлерде күндізгі температура 60 градус Фаренгейт шамасында болады. Ал елдің оңтүстік-шығысы мен оңтүстік жазықтарында ауа райы жылы әрі ылғалды болып, температура 80–90 градус Фаренгейтке дейін көтеріледі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жапонияға тағы да тайфун жақындап келе жатқанын жаздық.
Осы «Дуцзюань» тайфуны нөсер жаңбыр мен лай көшкінін туындатып, адам шығыны болғаны хабарланды.