АҚШ-тың Словениядағы елшісі лауазымына алғаш рет қазақ қызы тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Сенаты дүйсенбі күні өткен дауыс беруде Словениядағы елші лауазымына Әсел Робертстің кандидатурасын мақұлдады. Ол 49 үміткерден тұратын ортақ пакет аясында бекітілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 46 сенатор қолдап, 43-і қарсы шықты, деп хабарлайды Mladina

Асель Робертс
Фото: Facebook / Embassy of Kazakhstan in Washington DC

Әсел Робертстің кандидатурасын осы жылдың ақпан айында Президент Дональд Трамп ұсынған болатын, ал наурызда ол Сенат комитетіндегі тыңдаудан сәтті өтті.

Наурыз айында өткен Сенат комитетінің тыңдауында Әсел Робертс екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыруға барынша күш салатынын айтқан еді. Ол Словенияны АҚШ-тың НАТО-дағы маңызды одақтасы, сенімді досы әрі серіктесі ретінде сипаттады. Сондай-ақ екі мемлекеттің ортақ мүдделері, демократиялық құндылықтары мен қорғаныс саласындағы берік серіктестігі бар екенін атап өтті.

— Мен Словенияның еуроатлантикалық аймақты қорғау және кез келген қауіп-қатердің алдын алу ісінде маңызды буын болып қала беруіне ықпал етемін. Бұл елдің Орталық Еуропа мен Батыс Балқан тоғысында орналасқан стратегиялық позициясы трансатлантикалық сауданы тереңдетуге үлкен мүмкіндік береді. Ал бұл сауда — әлемдік экономиканың басты тірегі әрі Американың өсіп-өркендеуінің кепілі, — деді Робертс.

Сондай-ақ жаңа елші Словенияның қорғаныс саласына бөлген шығындарын ЖІӨ-нің 2 пайызға дейін ұлғайтқанын және бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 3 пайызға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бүгінде Словения Косоводағы НАТО миссиясына және Босния мен Герцеговинадағы Еуропа Одағының операцияларына белсенді қатысып келеді. Робертс бұл елдің экономикалық әлеуеті мен білікті мамандарын жоғары бағалап, Словенияны озық өндіріс салалары шоғырланған орталық деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін 2021-2024 жылдар аралығында АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметін Джейми Харпутлян атқарған болатын.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Әсел Робертсті жаңа лауазымымен құттықтады. Дипломатиялық өкілдік өз құттықтауында оның Америка тарихында елші лауазымына тағайындалған алғашқы этникалық қазақ екенін ерекше атап өткен.

Әсел Робертс осы уақытқа дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бас протокол қызметінде аға кеңесші болып жұмыс істеп келді. Ол бұл ведомствода жиырма жылға жуық еңбек етіп, Американың бірнеше континенттегі миссияларының жұмысын үйлестіруде және шетелдік үкімет өкілдерімен келіссөздер жүргізуде үлкен тәжірибе жинақтаған.

Әр жылдары Робертс Бас протокол кеңесшісінің міндетін атқарушы, ресми сапарлар бөлімі басшысының орынбасары және хаттама жөніндегі дипломатиялық офицер қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Ақ үйге уақытша іссапармен жіберіліп, Вице-президент аппаратында Батыс қанаттағы операциялар дирекциясын басқарды.

2020–2021 жылдардағы билік транзиті кезеңінде Робертс АҚШ-тың Бас хаттама кеңесшісінің міндетін атқарды. Жалпы алғанда, ол АҚШ-тың бес президенттік әкімшілігі тұсында жоғары деңгейдегі келіссөздерді ұйымдастыруға қатысқан. Шетелдік көшбасшылардың АҚШ Президентімен, Вице-президентімен және Мемлекеттік хатшысымен өткен көптеген кездесулері мен ресми қабылдауларын тікелей басқарды.

Әсел Робертс 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Джорджтаун университетінің Эдмунд Уолш атындағы Дипломатиялық қызмет мектебін халықаралық құқық және ұйымдар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен тәмамдады. Жаңа елші қазақ, орыс және жапон тілдерін жетік меңгерген.

Айта кетейік, бұған дейін, АҚШ Сенаты ФҚЖ басшысы лауазымына Трамп ұсынған Кевин Уоршты бекіткен еді.