АҚШ-тың Венесуэладағы әрекеті мен Гренландияға қатысты жоспары несімен ұқсас
АСТАНА. KAZINFORM — Сарапшылар АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған әскери операциясынан кейін Гренландияға қатысты қауіптерге салғырт қарамауға шақырды. Олардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны АҚШ қорғанысы үшін стратегиялық маңызы бар аумақ ретінде көрсетуі Венесуэлаға қатысты қатаң саясатпен ұқсас сипатқа ие.
Бұл туралы «Анадолу» агенттігіне Киото университетінің доценті Паскаль Лоттаз, жазушы Дэвид Кронин және Rasmussen Global компаниясының аға кеңесшісі Нико Ланге мәлімдеді.
Паскаль Лоттаз АҚШ-тың Венесуэлаға басып кіруін Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі халықаралық құқықты ең өрескел бұзушылықтардың бірі деп атап, Еуропаның көп бөлігінің бұл әрекетке үнсіз қалғанын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай төзімділік Гренландияға қатысты қауіптерді де шынайы деп қабылдауды талап етеді.
Дэвид Кронин Трамптың Венесуэла мен Гренландияға қатысты қатаң риторикасының түпкі мақсаты стратегиялық маңызы бар ресурстарды бақылау екенін айтты. Ол Еуроодақтың Мадуро үкіметін заңсыз деп тануы АҚШ-тың Венесуэладағы әрекеттерін жанама түрде қолдағанымен тең екенін де атап өтті.
Нико Лангенің пікірінше, Еуропа Гренландияға қарсы кез келген агрессияның нақты салдары болатынын ашық көрсетуі тиіс. Ол Трамптың әрекеттерін құқықтық логикамен түсіндіруге тырысу қате екенін айтып, АҚШ президентінің жедел әрі прагматикалық тәсілмен әрекет ететінін атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, қалыптасқан жағдай Еуропаны өзінің саяси, экономикалық және әскери әлеуетін күшейтуге мәжбүрлейді.
Еске сала кетсек, былтыр желтоқсанда Трамптың арнайы өкілі Гренландияға қатысты жоспарын айтқан еді. Нақты айтсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия бойынша арнайы өкілі етіп тағайындаған Луизиана губернаторы Джефф Лэндри Ақ үйдің аралды жаулап алу жоспары жоқ екенін анық білдірді.