АҚШ-тың Йемендегі әуе шабуылынан 6 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ бір айдан бері йемендік хуситтерге қарсы әскери операциясын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

 АҚШ-тың Йемендегі әуе шабуылынан 6 адам қаза тапты
Фото: @CENTCOM

АҚШ-тың Йемендегі хуситтер бақылауындағы ел астанасы Сана маңындағы аудандарға жасаған әуе шабуылдарынан кемінде алты адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды.

Бұл туралы дүйсенбі күні йемендік хуситтердің «Аңсар Алла» қозғалысы хабарлады. Көтерілісшілер сонымен бірге елдің солтүстік-батысындағы Хаджа провинциясында америкалық MQ-9 Reaper ұшқышсыз басқарылатын ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді.

Йеменнің хуситтер бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, АҚШ-тың 15 наурызда бастаған соққы науқанынан бері әуе шабуылдарынан 120-дан астам адам қаза тапты.

АҚШ операциясы Қызыл теңіздегі шиеленіс пен Израиль мен ХАМАС арасында соғыс кезінде өтіп жатыр. АҚШ билігі хуситтерді халықаралық кемелерге шабуыл жасады деп айыптап отыр.

Хуситтердің al-Masirah спутниктік арнасы Сана қаласының шетіндегі Бани Матар аймағында орналасқан керамика зауытына жасалған шабуылы салдарынан болуы ықтимал өрттің сөндірілуінің түсірілімін жариялады. Қираған жерлерден құтқарушылар жарақат алғандарды алып шықты, көшелер үйінділерге толды.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) соңғы соққыларға қатысы барын растаған жоқ.

Вашингтонның мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 200-ден астам әуе шабуылы жасалған, алайда нақты мақсаттары белгісіз болып қалып отыр.

Соққылар кезінде хуситтердің өкілі Яхья Сари MQ-9 Reaper-«жергілікті» зымыран жүйесі арқылы атып түсірілгенін айтты, бұл соңғы екі аптадағы төртінші оқиға.

Хуситтердің кім екені және олар Израильге бет алған кемелерге неліктен шабуыл жасайтыны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар